Қазіргі уақытта Абай облысында бес учаскеде өрт сөндіріліп жатыр. Бұл туралы төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 290-нан астам бірлік техника өртті сөндіріп жатыр.
Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін тікұшақтар тартылды. Өрт ошақтарына әуеден 486 рет су төгілді. Оның жалпы көлемі — 1 000-нан астам тонна.
Қазіргі уақытта өрттің елдімекендерге таралу қаупі жоқ, жағдай бақылауда тұр.
Алматы, Алматы облысы ТЖ департаменттерінен жіберілген күштер мен құралдар, Қарағанды мен Алматы облыстарынан ҚР ТЖМ 52859 және 28237 әскери бөлімдердің әскери қызметкерлері өртті сөндіруге кірісті. Арнайы жіберілген жылжымалы басқару пункті өз функциясын атқарып жатыр, — делінген хабарламада.
ТЖМ апаттар медицинасы орталығы филиалдарының қызметкерлері шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайын. Бригаданың құрамына дәрігерлер, медицина қызметкерлері, санитар-жүргізушілер, санитариялық көлік, арнайы автокөлік және далалық госпитальға арналған пневмокарк модульдер кіреді.
Айта кетейік, Абай облысында «Семей» орманы резерватында 8 маусым күні өрт басталды. Өртті сөндіру кезінде 14 орманшы қаза болды. Өрт аумағы 60 мың гектардан асты.