Басты бетЖаңалықтарАбай облысындағы...

Абай облысындағы ірі өрт кезінде 14 орманшы жоғалып кетті

Абай облысында өрт аумағында орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Оларды іздеп жатыр.

9 маусымда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ ахуалдық орталығының базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді.

Семей қаласы әкімдігі «Абай облысы Семей қаласының «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өрттің шығуына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешім әзірледі.

Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, алты тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су шашылды.

Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Орман өртінің өршіп бара жатқанын ескеріп, Астана қаласы және Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменттерінен қосымша 133 адам және 48 техника, сонымен қатар төрт тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды.