Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Абай облысындағы Abai it-Valley технологиялық кластеріне барды.
Abai it-Valley — өңірлік IT-қоғамдастық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әзірлемелерді оқытуға, өзара іс-қимылды жүзеге асыруға арналған алаң.
Кездесуде университет басшылығы мен «Abai IT-Valley» мамандары министрге технокластердің материалдық-техникалық базасын таныстырып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
Былтыр ғана ашылған Abai IT-Valley технопаркі қазірдің өзінде жобаларын жүзеге асыруға 55 млн теңгеден астам қаражат тартқан. Қазір жүзеге асырылып жатқан «Агромайнинг», «Ұлттық нақыштағы 3D ойыншықтар шығару», «Виртуалды химия лабораториясы», «Өндірістегі қауіпсіздік техникасына оқытатын виртуалды тренажер-симулятор», «Туристерге арналған мобильді қосымша», «Медицина саласының студенттеріне арналған қолданбалы қосымша», «Компьютерлік ойындар мен анимациялық фильмдер әзірлейтін геймдев студия» жобалары таныстырылды.
IT оқыту саласы жас ұрпақ арасында танымал болып келеді. Қосымша білім ретінде Семей қаласында балаларға арналған 3 бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оқушылардың жалпы саны 400-ден асқан.