«Атамекен» өнер ордасында Халықаралық отбасы күніне арналған «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы өтті.
Форумға облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР президентiнiң жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және батыс өңірлерінің іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдары, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері қатысты. Сонымен қатар шара шеңберінде іскер әйелдер өз өнімдерін көрмеге қойды.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы «Мен баршаңызды халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын. Мемлекеттің басты саясаты отбасы құндылығын, ана саулығы мен бала амандығын нығайтуға бағытталып отыр. Бұл күн біз үшін ерекше мереке. Біздің елімізде соңғы әзірде кәсіпкерлік кең көлемде дамып келеді. Соның ішінде әйелдердің бизнестегі санын көбейту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша бизнестегі қыз-келіншектердің саны 50% асып отыр. Облыстағы сән салондары мен тігін цехтарын айтпағанда кейбір ірі кәсіпорындар мен жеке балабақшалардың жұмысын әйелдер жүргізіп отыр. Сіздер тазалық пен мейірімнің үлгісі болып қала бересіздер. Әр бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!, — деді.
Форумға қатысушылар қоғамдағы іскер әйелдердің мәртебесін көтеру және кең ауқымды өзекті мәселелерді шешу үшін әйелдер бастамаларының әлеуетін дамыту бойынша мәселерді талқылады.
Сондай-ақ, форумда іскер ханымдардың жетістіктерін кейінгі жастарға үлгі ету, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар берудің маңыздылығы атап өтілді.
Біз әйелдер не жасасақ та жанымызбен беріліп жасаймыз. Отбасын құрамыз, оны сақтау, бала өсіру біздің мойынымызда. Біз осы құндылықтарды ұмытпай әрі бизнесті де алып жүрміз. Біздің әйелдер өздеріне ғана көмектеспей, жаңа жұмыс орындарын ашып өзгеге, салық төлеп мемлекетке де пайда тигізіп отыр. Әрине ер адам қашанда биік тұрады. Бірақ қолда барды сақтап қалу, әдемі болу тек әйелдің ғана қолынан келеді, — деді ҚР іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева.
Форумға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында өңірдегі белсенді кәсіпкер әйелдер облыс әкімінің және ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.