Ордабасы ауданында медициналық нысан ашылды

Ордабасы ауданының Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл медициналық нысан 1400-ге тарта тұрғынға қызмет көрсетеді.

Денсаулық

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Нұрбек Бадырақов көлтоғандықтарға құттықтауын жеткізді.

— Құрметті Көлтоған ауылының тұрғындары! Сіздерді фельдшерлік-акушерлік тіректің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін расымен де 1400-ге тарта тұрғыны бар көлтоғандықтар үшін қуанышты күн. Бұл күнді ауыл тұрғындарының асыға күткені жасырын емес. Басты байлық – адам денінің саулығы. Енді Көлтоған ауылының тұрғындары осында алаңсыз ем қабылдап, денсаулығын нығайтатын болады. Бүгінгі таңда аудан халқына бас-аяғы 55 медициналық ұйым қызмет көрсетіп келеді. Олардың дені осындай фельдшерлік акушерлік тіректер. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ғимарат халықтың игілігіне қызмет ете берсін! Мұнда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін! Аналар мен балалардың, жалпы ауыл халқының денсаулығын нығайтуда аянбай еңбек етіп, ел сенімін ақтай беріңіздер!

Бүгінгі таңда аудан халқына бас-аяғы 55 медициналық ұйым қызмет көрсетіп келеді. Олардың дені – осындай фельдшерлік акушерлік тіректер. Ауданда 9 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Көлтоғаннан бөлек Қызылжар, Дербес, Төреарық, Көкарал, Қарабастау, Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай елді мекендерінде осындай нысандар салынып жатыр. Барлығын осы жылы елдің игілігіне беру жоспарланған.