Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен кездесті. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті кезінде мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін айтып өтті. Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде ЕуроОдақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы.

Шарль Мишель ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін айтты.

Сонымен қатар олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.