балалар, сиблингтер, үйдің үлкені
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
«Сен — үлкенсің, қоя сал», «Бауырыңа қара, бесікті тербет, тамағын бер», «Сіңліңнің сабағын оқыт, ініңнің киімін кигіз» және тағы басқа. Үйдің тұңғышы немесе үлкен перзенттері ата-анасының осындай тапсырмасын жиі естіп өскен шығар. Бауырын бағып жүріп өзінің де «кішкентай ата-анаға» айналып кеткенін сезбеген болар. Олар мұның зардабын өскен соң тартуы мүмкін. Дегенмен мұның зияны болмауы да мүмкін.

Біздің айтып отырғанымыз «кішкентай ата-ана синдромы» деп аталады. Практик-психолог Әсем Ілесбай бұл синдромды түсіндіріп, екінші ата-ана болып өскен балалардың проблемасын талдап берді.

Әсем Ілесбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бала «кішкентай ата-анаға» қалай айналады?

Психолог кішкентай ата-ана синдромына шалдыққан балаларды тану оңай дейді. Ол мұндай балаларда үнемі құтқарушы режимі қосулы тұратынын, есейген соң туған бауырларымен қоса, айналасындағы достарын, әріптестерін, тағы басқасын құтқарғысы кеп, артығымен уайымдап тұратынын айтады. Психологтың сөзіне қарағанда, мұндай адам өзін үнемі кінәлі сезінеді. Бұл үйдің тұңғышына бала кезінен жауапкершілік жүктелгеннен болады.

Мұның бәрі бала кезде «кішкентай ата-ана» рөлін алып алғаннан болады. Бұл синдром адамның өзіне тек есейгенде білінеді. Үнемі өзін кінәлайды, бірдеңеге ие болу үшін міндетті түрде оған лайық болуым керек, ештеңе жайдан жай келмейді деп есептейді. Мысалы, жұмысында ұжымға бір тапсырма беріліп, басшы тапсырманың бір тұсына қатысты ескерту жасаса, осы синдромы бар адам өзін қатты кінәлі сезінеді. Ал ескерту ұжымның бәріне ортақ еді. Сосын ешкім өтінбесе де, «Мен түзей салайын, мен істей салайын» деп өзіне артық жауапкершілік алып алады, — дейді маман.

Генограмма
Генограмма. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әсем Ілесбай бұл проблеманың шығу тегін түсіндіру үшін психологиядағы «генограмма» терминін талдап берді. Генограмма — психологтар қолданатын, отбасындағы реттілікті көрсететін сызба: ана үшбұрыш болып, әке төртбұрыш болып белгіленеді. Балада кішкентай ата-ана синдромы байқалса, фигуралардың реті ауысады. Демек сызба өзгереді. Бұл өмірдегі реттілікке де әсер етеді.

Сызба бойынша басында әке мен ана тұрады, одан кейін балалар жазылады. Сосын ата мен әжені қосып қоямыз. Бәрі осы сызба бойынша өз рөлін атқаруы керек, бұл — табиғи процесс. Қызы анасының немесе ұлы әкесінің рөлін алып алса, жүйе бұзылады. Осыдан соң отбасының барлық мүшесінің жанына түрлі жарақат түсуі мүмкін. Мысалы, ұл балаға «үйдің тұңғышысың, бауырларыңа жауаптысың» дейді. Сосын ол өмір бойы жауапкершілік пен кінә сезімін арқалап жүреді. Ондай балалар ерте есейеді, — дейді ол.

Әсем кейінгі уақытта психологқа келетіндердің көбі үйдің үлкені екенін айтады. Ол мұның себебін қазақы отбасының мысалымен түсіндіріп көрді.

Қазақша менталитет бойынша, бірінші перзент көбіне жоспармен емес, өздігінен дүниеге келеді. Бұдан кейін «Бала бір жарым жасқа толды, бауырын туып, екеуі тете өсуі керек» деп, екіншісін жоспарлайды. Осылайша тұңғыш перзентті махаббатқа бөлену құқығынан айырады. Бұл өте әділетсіз. Бала ата-ана махаббатын толық сезінуге құқылы.

Психолог бауырлардың арасы кемі үш жас болуы керек дейді. Оның айтуынша, бала өзіне сенімді болып өсуі үшін екі жасында ата-ана махаббатына тойғаны маңызды. Бұл жаста бала ата-анасын қатты қажет етеді. Өйткені екі жарым-үш жарым жас арасында бала «Үш жас дағдарысын» басынан өткізеді.

Бала екі жасында өзгеріп, мінезі «адам төзгісіз» болып кетеді. Мұндайда оған тек ата-ананың махаббаты керек. Көп отбасында дәл осы кезеңде екінші бала дүниеге кеп жатады, сөйтіп тұңғыш перзент тасада қалып қояды. Бұл сиблиңдердің қарым-қатынасына да әсер етеді. Үйдің тұңғышы кішкентайын ұрып, қылқындырып тастағысы келеді. Балконнан итеріп жібергісі келуі мүмкін, саябақта қыдырып жүргенде бауыры сонда қалып қойса екен деуі мүмкін. Бұл баланың зұлым болғаны емес, жай ғана оның бейсанасы сыртқы факторлар әсерінен солай істей бастаған. Мұның бәрін ол «інім болмаса, анам толық менікі болар еді» деген оймен жасайды. Осыдан келіп баланың бойында «ата-ана махаббатына ие болу үшін міндетті түрде оған лайық болуым керек, бірдеңе істеуім керек» деген артық жауапкершілік пайда болады. Себебі табиғи әрі өзіне тиесілі махаббат алу құқығынан ерте айырылды, — дейді маман.

«Кішкентай ата-ана» болғанның зияны қандай?

Психолог тұңғыш баланың екінші ата-ана болғаны оның бауырларына да зиян дейді. Ата-ана бауырлары бірнәрсе бүлдіріп қойса, үнемі үлкеніне ұрысып, «Неге қарамадың?» деп сөгуі мүмкін. Оны көріп тұрған кейінгі балалар кінәні біреуге артуға құмар боп өсуі мүмкін.

Кейінгі балалар өз бетінше шешім қабылдай алмайтын, кінәні ылғи біреуге артуға құмар, басынан сөз асырмайтын болуы мүмкін. Жауапкершілігі де төмен болып, есейген соң бұл мінезінен өзі де қиналып жатады.

 

Әсем Ілесбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Психолог «кішкентай ата-ана» ересек өмірде бауырларымен қатар айналасын да асқан қамқорлығымен мезі етуі мүмкін дейді. Үнемі староста болуға құмар болатындар да — отбасының тұңғышы.

Әдетте, мұндай балалар тек бауырына емес, достарына, айналасына да аса қамқор болып, «тұншықтырып» жіберуі мүмкін. Онымен қоймай, бір шешім қабылдағанда да бәрінің ыңғайына келгенін қалайды. Сондықтан көбіне отбасындағы үлкен балалар шетелге қыдыра бермейді, мамандық таңдағанда да өзінен бұрын басқаға қолайлысын таңдайды, — дейді психолог.

Маман чайлдфриді (саналы түрде балалы болмауға шешім қабылдайтындар — ред.) қолдайтындардың көбі кезінде екінші ата-ана рөлін алып алған балалар болатынын байқаған.

Әдетте, кішкентайынан бала бағып, бауырлары үшін «екінші ата-ана» боп өскен адамдар чайлдфри болуға жақын. «Уақытында ата-ана болдым, ол рөлді ойнап көрдім, енді өз өмірімді сүремін» дейтіндер көп. Ал бұл табиғи процеске қарсы. Әйелдердің ана болу, ерлердің әке болу, яғни ұрпақ қалдыру инстинкті бар, — дейді маман.

Психолог құмар ойын мен жеңіл ақшаға желігетіндердің көбі үйдің үлкен балалары дейді. Себеп — бала кезде жеткілікті махабатты сезінбеу.

Махаббатты, өзін жақсы көретінін сезіп өспеген бала өзіне сенімсіз болады. Сенімсіздігін де, махаббаттың есесін сол құмар ойыннан, жеңіл ләззаттан іздейді. Өзіне сенімсіз адам басына іс түскенде, ақша шұғыл керек болғанда жұмыс істеп, нәпақа таба алатынына сенбей, құмар ойынға ақша тігеді. Іштей сүйеніші жоқ, өзін жақсы көрмейтін адамды «Сенің қамыңды жейтін ата-анаңды қалайша ойламайсың, көлігіңді кепілге қалай қоя саласың?» деп сөгу де орынсыз, — дейді ол.

Бұл синдром қайдан шыққан?

Маман тұңғыш баланың екінші ата-ана болуының себебін қазақ тарихымен байланыстырады. Сондықтан проблеманы бірден шешу қиын дейді.

Бірінші балаға жауапкершілікті іліп қою қайдан шықты? Тарихта қазақ жайбарақат жатқан кез аз болған. Отбасындағы ер адамдар үнемі сыртта не мал бағып, не соғысып жүрген. Бізде «практикалық әке» деген түсінік енді қалыптасып келеді. Бұрынғы әкелер баланың тәрбиесіне, дамуына араласпаған, оған уақыт та болмаған. Сол кездері әйел адам жауапкершілікті түгел мойнына алып, үйдің үлкенін өзіне қолғабыс еткен. «Баланы бесікке бөлеп кеттім, жыласа тербете сал, қатығын бере сал» деп өзі қалған тірлікті істейтін болған. Бұл біздің кімдігіміз (идентицификация — ред.) деуге де болады. Бұл көнеден келе жатқан сызба болғандықтан, өзгерту қиын. Қазір адамдардың өзіне үңілуге уақыты табылды, терапияға бара бастады. Оның үстіне бүгінгі қоғамда әлгіндей мінезбен өмір сүру қиындай түсті.

Есейгенде «кішкентай ата-ана» болғаныңды түсінсең, не істеуге болады?

Әсем Ілесбай мұндайда ішкі сезімге мән берген дұрыс дейді. Ол кішкентай ата-ана синдромына шалдыққандардың бәрі бірдей жайсыздық сезінбейтінін айтады.

Ең бастысы, сізге жайлы-жайсыз екеніне мән беріңіз. Ел «кішкентай ата-ана болған жаман» деді екен деп, өзіңізден проблема іздеуге тырыспаңыз. Өзіңізге жайлы болса, ештеңе етпейді. Ал біреуді артық уайымдағаннан, өзіңізді кінәлі сезінгеннен қиналсаңыз, жақсы психологқа баруға кеңес беремін, — дейді маман.

Психолог ешкім бауырының өміріне, сабағын жақсы-жаман оқығанына, оның шешімдеріне жауапты емес екенін түсінуі керек дейді. Олардың ағылшын тілі курсын төлеуге де ешкім міндеттей алмайды. Өйткені бұл да — тура сол бауыры сияқты отбасының перзенті. Маман үйдің тұңғышы мұндай шешімге келгеніне өзін кінәлі сезінсе, өзіне «Бұл міндеттерді не үшін арқалап, кім үшін орындаймын?» деп сұрақ қойғаны жөн дейді.

***

Тағы оқыңыз:

«Сіңлімді тек көріп өстім». Сиблинг жайлы үш хикая және психолог пайымы