Такси жүргізушілеріне қойылатын талаптар өзгереді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушы мен инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.

Бұйрықтың жаңартылған нұсқасында «таксимен тасымалдаушы» бөлігі толыққан. Енді ол жеке тұлға, жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау қызметін көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болуы мүмкін.

Қызметті көрсетуді бастағанға дейін интернет-платформаларды және платформалық жұмыспен қамтудың мобайл қосымшаларын пайдалана отырып қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органына такси тасымалдаушысы ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама береді, — делінген бұйрық жобасында.

Егер құжаттар талапқа сәйкес келген жағдайда еңбек кодексі бойынша, онымен еңбек шарты жасалып, кейін жүргізушіге жеңіл таксиді басқаруға рұқсат беріледі. Бірақ такси қызметін көрсетуге ниетті жүргізушінің жеке көлігі болмаса, онда оған кәсіпкер немесе заңды тұлға жеңіл темір тұлпар ұсынады.

Бұйрықты ашық талқылау 9 маусымға дейін жалғасады.