Президент қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Twitter-парақшасында құттықтау жариялады.

Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды. Балаларымыздың болашағы баянды болсын!, – деп жазды президент.

Айта кетейік, 1 маусымда Қазақстан Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтеді.

Биыл Балаларды қорғау күні мектептегі соңғы қоңырау күнімен тұспа-тұс келді. Білім министрлігінің мәліметінше, 1-10-класс оқушыларының 85,3%-і жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылады.

Балалардың демалысын ұйымдастыру үшін 218 қала сыртындағы және 10 200 мектеп, мамандандырылған және шатырлы лагерьлер болады.