Оралда репрессия құрбандары туралы тоғыз кітап жарық көрді

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Батыс Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін саясатының нәтижелері: тарих пен тағдыр» тақырыбында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

Шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысып, баяндама жасады.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде тапсырмасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде еліміздің барлық облыстарында өңірлік комиссиялар құрылып, аймақтық комиссиялардың қызметін ұйымдастыру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты — мемлекет басшысының жарлығы бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап-сараптау. Бұл бізге жүктелген ауқымды міндет. Кейінгі екі жыл көлемінде осы міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан өңірлік комиссия мүшелері, ғалым-зерттеушілер бұрын жабық болған архив қорларын зерттеп, тың деректерге қол жеткізді, — деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев өз баяндамасында.

Жалпы, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша құрылған өңірлік комиссия, оның жеті жұмыс тобы арнайы бағыттар бойынша зерттеу жүргізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңды және саяси ақтау үшін архив материалдарын, тарихи деректер мен құжаттарды жинаған.

2021 жылдан бастап өңірлік комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарына, баспа қызметіне, ғалым мамандардың еңбекақысы мен ғылыми іссапарларына облыстық бюджеттен қажетті қаржылық қолдау көрсетіліп жатыр.

Нәтижесінде Алматы, Астана қалаларына іссапарлар ұйымдастырылып, архивтер мен ғылыми орталықтарда үлкен жұмыс жасалды. Республикалық, облыстық және аудандық архивтердегі жұмыс барысында 300-ден астам істер қаралып, 6 000 беттей құжат көшірмелері алынған.

Осы уақыт аралығында өңірлік комиссияның алты отырысы, жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді. Өңірлік комиссиямен бір республикалық және екі облыстық ғылыми-практикалық және әдістемелік конференция, бір республикалық семинар ұйымдастырылды. 2021 жылы екі тақырыптық бағыт бойынша екі жинақ,  2022 жылы бес тақырыптық бағыт бойынша өңірлік деңгейде бес жинақ және республикалық көптомдыққа екі жинақ енгізіліп, жалпы саны тоғыз кітап жарық көрді.

Жұмыс тобы аудандарды аралап, ауылдық жерлердегі өлкетанушыларды, ақсақалдарды тарта отырып, тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, «Халық жады» кітабына саяси қуғын-сүргін куәгерлері мен ұрпақтарынан естеліктер жазу жұмыстарын ұйымдастыруда. Елдімекендердің аумағында болған еңбекпен түзеу лагерьлері, күштеп қоныс аудару орындары, атылғандардың жаппай жерлеу орындарын анықтау және өңір тарихы үшін қажетті тың деректерді жинап жатыр.

Сонымен қатар 31 мамыр күні Орал қалалық орталық зиратындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген бастаған бір топ лауазымды тұлғалар гүл шоқтарын қойды. Жазықсыз өмірден өткен жандардың рухына мұсылман және христиан дәстүрімен дұға бағышталды.