«Алғабастағы» апатты үйдің тұрғындары қашан жаңа пәтерге көшеді?

Алматы қалалық Құрылыс басқармасы қаладағы Алғабас ықшамауданында құлағалы тұрған 72 пәтерлі үйдің тұрғындары үшін жаңадан салынған көпқабатты үй 2017 жылдың 1 сәуірінде пайдалануға берілетінін хабарлады.

Пәтер сатып алу
Фото: Scs.edu.au

«Алғабас» шағынауданында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып қалды, 1 сәуір күні үй пайдалануға беріледі. Үйдің сапасын Сәулет құрылыс бақылау басқармасы мамандары, Қоғамдық кеңес және ескі үйдің тұрғындары тарапынан құрылған еркін топ қадағалады. Қосымша жобаға байланысты үйді салу уақыты созылды. Құрылысты мердігер компания «Астана-Құрылыс» ЖШС өз қаражатына салды. Үйдің жоспары алдындағы құлағалы тұрған үйдің жоспарымен бірдей, яғни, 72 пәтерлі үй. Инженерлік жұмыстары аяқталды, газ құбыры жүргізіліп жатыр», деді басқарма басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев.

Сондай-ақ ол тұрғындардың арендалық төлемі бойынша жаңа үйде ешқандай да өзгеріс болмайтынын айтты.

«Жаңа үй салынып жатқан уақытта тұрғындардың арендалық жалға алу құнын мердігер компания өзі төлеп тұрды. Сондай-ақ, компания енді тұрғындардың көшу жұмыстарына да көмектеседі. Жаңа үй коммуналдық меншікке өтеді», деді М.Құрманғалиев.

Құлағалы тұрған 136 үйге мердігер компания толығымен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді қалған ішкі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, комиссия үйді қабылдап, коммуналдық меншікке өткізеді.

Ал «Алғабас» ықшамауданында құлағалы тұрған үй дауына байланысты техникалық қадағалаушы мамандар аттестаттарынан айырылып, жобалаушы ұйымдар заңға сәйкес жаза алған.