Басты бетЖаңалықтарБҚО-да тұрғын үйлер құрылысына және пәтерлер сатып алуға 11,3 млрд теңге бөлінді

БҚО-да тұрғын үйлер құрылысына және пәтерлер сатып алуға 11,3 млрд теңге бөлінді

Президент өз жолдауында тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керектігін айтқан болатын. Бұл өңірдегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда облыс бойынша үй алу кезегіне 32 мың азамат тіркелген.

2023 жылы «Қуатты өңірлер — елді дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үйлер құрылысына және пәтерлер сатып алуға 11,3 млрд теңге бөлініп, облыста 15 көппәтерлі тұрғын үй және ауылдық елді мекендерде 42 тұрғын үй, барлығы 2377 пәтер құрылысы қарастырылған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев баяндап берді.

Әкімнің баяндауынша, жылдың қорытындысы бойынша 30 тұрғын үйді, яғни 893 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Соның 7 көппәтерлі тұрғын үйі Орал және Ақсай қалаларында болса, ауылдық елді мекендерде 23 тұрғын үйді қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар  халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын жайын сатып алуға 1,7 млрд теңге қарастырылып, Орал қаласы бойынша 178 пәтер сатып алу көзделген. Нәтижесінде, үй кезегінде тұрған азаматтарға 1071 пәтер пайдалануға берілетін болады.

Қазіргі таңда облыста 12 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешу мақсатында 2023 жылы 27 мектептің құрылысы басталады, оның ішінде 9 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынатын болады. Жыл соңына дейін 18 мектепті пайдалануға берілмек.

Әкімнің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқушыларды тасымалдау үшін 54 автобус сатып алынған. Өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 100%-ды қамтиды. Бүгінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 84,3%-ке жетіп отыр. Осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізу көзделуде.

Оқушылардың жетістіктеріне тоқталар болсақ, 25 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлделі орын алса, 9 мектеп еліміздің «100 үздік мектептері» қатарына енді. Әлемнің 57 мемлекеті қатысқан зерттеу нәтижелері бойынша облысымыздың бастауыш сынып оқушылары «PIRLS-2021» халықаралық рейтингісінде республика көлемінде бірінші орынға ие болды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында 9 спорт кешендері пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынуда. 1 кешеннің құрылысын 2024 жылы бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады, — деді облыс басшысы.

Өңір әкімінің айтуынша, өңірде әртүрлі саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы облыс бюджет есебінен 113 грант бөлініп, түлектердің жоғары білім алуына сертификаттар табысталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да