Алматыда шынайы оқиғаға негізделген қазақстандық «ГОК» фильмі алдын ала көрсетілді. «ГОК» — Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлікті рейдерлікпен басып алу туралы толықметражды фильм. Фильм бүгін, 25 мамырдан бастап прокатқа шығады.
Криминалдық драма Солтүстік Қазақстан облысындағы бай пайдалы қазбаларды тартып алып, шетелге сату әрекетін баяндайды. Сюжет бойынша, Қытайдан келген бизнесмендер ресейлік олигархтармен және қазақстандық жемқор шенеуніктермен бірлесіп, тау-кен байыту комбинатын заңсыз сатуды ұсынады. Олардың әрқайсы елді тонап, өз жемтігін алуды жоспарлап отыр. Сюжет отандық ірі өнім мен ар-ожданды оп-оңай сатуға дайын жергілікті шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелейді.
Бұл ретте кәсіпорынның жүздеген қызметкері көшеде қалып, тау-кен байыту комбинатының (ГОК — горно-обогатительный комбинат) құрылтайшысы әрі директоры әділдік үшін күресте өміріне қауіп төніп тұрады. Фильм ірі қылмыстық жүйенің бір-бір алып қатысушысына айналған кейіпкерлердің өткенін суреттейді.
Картина көрерменнің көкейінде мынадай сұрақ қалдырады: Шетелдіктер біздің еліміздің аумағында қалайша осындай заңсыздық жасай алады? Олардың елінде дәл осылай істеуге болар ма еді?
Басты кейіпкердің прототипі – Титан-цирконий рудаларының Обухов кен орнында жұмыс істейтін «Тиолайн» ЖШС құрылтайшысы Виктор Долгалев осы сан қырлы оқиғаны әңгімелеп берді. Ол — идея авторы, фильмнің сюжетіне аса шытырман оқиғаларды қосып, оны соңғы минутына дейін қызық ету үшін өзі сценарист ретінде де жұмыс істеді.
«ГОК» – «крышасы» жоқ және ықпалды меценаттарсыз жұмыс істейтін елдегі бизнестің шындығын дәл жеткізетін Қазақстандағы жалғыз видеожазба. Біз шындықты еш қоспасыз, ең бастысы, шектен шықпай көрсетуді мақсат еттік. «ГОК» елдегі табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда болған және кейде болып жатқан оқиғалардың барлығының айнасына айналды. Елімізде мұндай лас бизнестің қанат жаюына неліктен жол беретінімізді түсінсек, бүкіл қоғамның ең маңызды мәселелері айқындала түседі, — деді Виктор Долгаев.
Фильмде жемқор салық комитетінің басшысын ойнаған Нартай Сауданбекұлы бұл жолы жағымсыз рөлді сомдайды.
Менің рөлім — жағымсыз рөл. Жалпы, мұндай туындыда жағымды рөл жоқ. Оның үстіне елімізде жағымды шенеунік бар ма? Өз мүддесінен ел, ұлт мүддесін жоғары қоятын, мемлекетшілікті ойлаған шенеунік бар ма? Ондай жоқ, өкінішке қарай. Осы уаққа дейін көргенім жоқ. Рөл өте қиын, біраз тер төктім. Кейінгі дүмпуі де қиын болаын шығар, — дейді Нартай Сауданбекұлы.
Оның айтуынша, актер үшін жағымсыз рөлдің өмірде де салдары болуы мүмкін.
Мысалы, кезіде «Қыз Жібек» фильмінде Асанәлі Әшімовты көрермен көп қарғады. «Сен Төлегенді өлтірдің» деді. Актер рөлін керемет алып шықты десек те, «ой, бұл оңбаған осындай киноға түскен» деген сөзге қаламыз. Дегенмен оны уайымдамаймын. Жұмысымыз — осы, — дейді актер.
«ГОК» жобасын америкалық тәуелсіз Libertus Film кинокомпаниясы қазақстандық Olzahzavre Film Factory киностудиясымен бірлесіп түсірген. Режиссеры – бірқатар қазақстандық және ресейлік жобаларды жасауға қатысқан Олжас Боялбаев.
Продюсері — 30-дан астам халықаралық кино мен музыкалық жобаларды ұйымдастырған Михар Сажле.
Рөлдерді белгілі актерлар Әзиз Бейшеналиев («Ликвидатор», «Всемогущий», «28 панфиловшылар»), Жан Байжанбаев («Бизнес по-казахский», «Той любой ценой», «Рэкетир»), Анатолий Креженчуков («Фара», «Анаға апарар жол», «Аманат»), Еркен Ғұбашев («Бизнесмены», «Замуж в 30», «Ласковое безразличие мира»), Елжас Рақым («Свободный»,«Когда ангелы спят»), Сергей Уфимцев («Анаға апарар жол», «Мұстафа Шоқай», «Ликвидатор»), қытайлық актерлар Чу Цзы Чан, Ван Сянь және тағы басқасы сомдады.
Еске салайық, 2021 жылы Қазнет детектив триллер элементтері бар криминалдық драма жанрында түсірілген «ГОК» жалпы атауымен қысқаметражды фильмдердің вирустық сериясын кеңінен талқылап, 2,5 миллионнан астам қаралған еді. Ал бұл шығарылған фильм бұрын түсірілген материалды да, сценаристердің жаңа идеяларын да біріктіреді.