Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Биыл Алматы облысында 12 мыңнан астам түлек мектеп қабырғасынан қанат қағады. Оның ішінде 696-ы Алтын белгіге, 1 419-ы үздік аттестатқа үміткер.
Оқушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында өткізіледі. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысы Салтанат Беспаева мәлімдеді.
Биыл 10 607 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Облыста 240 орындық тестілеуді өткізуге арналған 2 пункт жұмыс істейді. Олар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында орналасқан. Жылдағы дәстүрге сай талапкерлерді тегін оқумен қамту жоспарда. Бұл үшін облыс әкімінің гранты бар. Ол 150 балаға бөлінеді. Сонымен қатар, биыл жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыруға баса көңіл бөліп отырмыз, — деді брифиңде сөз алған басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 270 мыңнан астам бала сауықтырумен қамтылады. Қала сыртындағы 15 лагерьге 7 мыңға жуық жеткіншек жіберіледі. Бұл тұрғыда облыстық бюджеттен 518 млн теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Демеушілер мен ата-аналар есебінен 10 000 оқушыға Шарын, Көлсай, Қайынды, Іле-Алатау Ұлттық табиғи парктеріне, «Алтын Адам», «Жамбыл», «Қонаев», «Таңбалы тас» аспан асты музейлеріне және т.б. көрікті орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады.