Абай облысындағы өртке тағы екі тікұшақ жіберілді

Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев Абай облысындағы өртке тағы екі тікұшақ жіберілгенін айтты.

Қазіргі таңда республикалық және облыстық деңгейде жедел штабтар жұмыс істейді, өрт орнында төтенше жағдайлар министрлігінің атынан жетекшілік ететін вице-министр бар. Бастапқы кезеңде өртті жою үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, 434 адамнан, 109 бірлік техника, екі әуе кемесі және бір өрт сөндіру поезынан тұратын азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары топтамасы құрылды. Жедел жағдайдың нашарлауына байланысты республикалық жедел штабтың отырысы өтті, онда мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер қойылды. Экология министрлігіне өрт сөндіру жетекшісі ретінде көмектесу үшін төтенше жағдайлар және қорғаныс министрліктерінің күштері мен құралдары қосымша жіберілді, — деді бірінші вице-министр үкімет отырысында.

Оның айтуынша, дәл қазір өрт орнында төтенше жағдайлар, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар министрліктері, «Қазақстан Темір жолы», жергілікті атқарушы органдар және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.

Сегіз тікұшақ жұмылдырылды оның ішінде бесеуі – төтенше жағдайлар министрлігі, үшеуі – қорғаныс министрлігі, екеуі — экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиесілі. Сағат 11.00-де төтенше жағдай министрлігінен қосымша екі әуе кемесі өрт орнына келді. Сонда өртті сөндіруге тартылған 10 тікұшақтың сегізі су шашса, екеуі барлау және десанттарды жеткізу үшін қолданылады. Жағдай бақылауда, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр, — деді Ибрагим Күлшімбаев.

Еске салайық, 22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, жалын «Семей орманы» табиғи резерваты аумағына тарады.

Ормандағы өртке байланысты 277 адам эвакуацияланды.