Абай облысында ормандағы өртке байланысты 277 адам эвакуацияланды. Жалынмен күреске өзге өңірлерден мамандар мен техникалар жіберіле бастады.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, жалын «Семей орманы» табиғи резерваты аумағына тарады.
Өрттің жалпы аумағы 1 500 гектар. Орман алқабында құрғақ шөп жанып жатыр. Елдімекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Березовка шипажайы мен Березовка подхозында 15 адамнан тұратын қызметкерлер кезекшілік ұйымдастырды, — делінген хабарламада.
Ормандағы өртті сөндіруге барлығы 100 техника және екі тікұшақ, сонымен қатар 402 адам жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам мен 26 техника жіберілген.