Ішкі істер министрлігі 3 мыңнан астам полиция қызметкері мен 200-ден астам ауыл шаруашылығы және ветеринариялық бақылау басқармаларының мамандарын тарта отырып, «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасын өткізді.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Төрт күнде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 11 695 автокөлік, 4 226 мал және ет өнімдерін сатып алу, өткізу орындары, сонымен қатар 8 708 шаруа қожалықтары мен мал жайылымдары тексерілді. Бұл ретте 22 мал ұрлығы және бұрын жасалған 115 қылмыс ашылды. Осы қылмысты жасағаны үшін 136 адам ұсталды, оның ішінде 19 ұйымдасқан топ бар. 589 мал басы табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері төрт адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Олар жайылымнан бірнеше рет мал ұрлаған. Былтыр қыркүйектен бастап олар 30-дан астам жылқы ұрлаған. Барлық жағдайда қылмыскерлер ұрланған малды алдын ала жалданған ауыр жүк көліктері арқылы алып кеткен, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев.
Полиция мәліметінше, кеше Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында екі рет мал ұрлығын жасаған күдікті ұсталды. Ұрланған 22 жылқы Алматы облысы Ұзынағаш ауданының аумағында ұсталып, тәркіленді.