Алматыда қаңтар оқиғасына қатысқан 25 адамға сот үкімі шықты

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотында қаңтар оқиғасына қатысқан 25 азаматқа сот үкімі шықты.

Соттың мәліметінше, 25 айыпталушы 2022 жылғы 4-5 қаңтар аралығында Алматының әр жерінде жаппай тәртіпсіздікке қатысып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған, тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайға заңсыз кіріп, ірі залал келтіре отырып көлік құралдарын айдап әкеткен.

Сотталушылар қауіпті өндірістік нысаның аумағына, арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кіріп, айтарлықтай залал тигізді деп айыпталып отыр.

Сонымен қатар олардың алдын ала сөз байласу арқылы атыс қаруларын ұрлап әкеткені және жаппай тәртіпсіздік кезінде билік өкілдерінің денсаулығына залал тигізіп, олардың мүлкін бүлдіріп, жойғаны анықталды. ⠀

Жаза тағайындау кезінде мынадай мән-жай ескерілді: сотталушылардың кінәсін толық және жартылай мойындауы, бұрын сотталмағаны, жеке басы, жас мөлшері, құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылықты төтенше жағдай кезінде жасауы.⠀

20 азаматқа рақымшылық заңы қолданылып, тоғыз айдан бір жыл тоғыз айға дейінгі мерзімге шартты жаза тағайындалды. Төрт тұлғаға рақымшылық туралы заң қолданылып, осыған байланысты олар жазадан босатылды. Бір азамат қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, — делінген хабарламада.