Орталық Азия сарапшылары деректер негізінде экономикалық саясатты әзірлеу мәселесін алқылады

Орталық Азия елдері түрлі әлеуметтік- экономикалық салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін нақты деректерді белсенді пайдаланады. Бұл туралы 17-18 мамырда Алматыда өткен «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» конференциясында айтылды. Оған Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстан мен  Өзбекстаннан келген 150-ден астам мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар мемлекеттік саясат пен реформалардың тиімді шараларын әзірлеу үшін деректер мен нақты материалдарды пайдалану саласындағы инновациялық тәсілдерді талқылап, озық тәжірибелерін бөлісті.

Конференцияны «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» (EGED) бағдарламасы аясында Ұлыбритания үкіметі мен Ұлыбританияның сыртқы істер, достастық және даму министрлігі қаржыландырды. Ал іс-шараны Дүниежүзілік банк пен Техникалық ынтымақтастық және даму агенттігі (ACTED) жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба 2022 жылы басталған еді. Оның мақсаты —  азаматтық қоғамды мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесіне тартудың инклюзив тәсілдерімен қатар, заманауи талдама әдістерді қолдануға жәрдемдесу үшін Орталық Азия елдерінде неғұрлым сапалы деректер мен нақты материалдарды дайындау.

Орталық Азия нақты деректер негізінде мемлекеттік саясатты әзірлеу саласында үлкен әлеуетке ие. Бүгінгі конференция осы бағыт бойынша өңірдегі прогресті жеделдететін катализаторға айналды. Сенімді деректер мен нақты материалдарды жинау және пайдалану Дүниежүзілік банк қызметінің маңызды құрамдас бөлігі және бұл саланың Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына ықпал ететіні мені қуантады, — дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова.

Іс-шарада қатысушылар деректерді жинау және талдау, оларды мемлекеттік саясатта пайдалану тәжірибелерін бөлісті. Дүниежүзілік банктің сарапшылары «Орталық Азия азаматтарына құлақ аса отырып» деген кейінгі зерттеулердің нәтижелері туралы баяндама жасады, онда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін факторлар, барлық елдегі билік органдарының жұртшылықпен тиімді өзара іс-қимыл жасау тетіктері талданды.

Орталық Азия елдері тұрақты және инклюзив экономикалық өсуді, халықтың әртүрлі тобы үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді және өз азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруды мақсат етіп қойды. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік саясатты әзірлеу процесінде сенімді деректерді жүйелі пайдалануды ынталандыру — осы мақсаттарға орындаудың басты шарттарының бірі, — деді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич.

Гендер теңдігі мәселесіне арналған арнайы сессияда Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуы бойынша жүргізілген талдау нәтижелері ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар қоғамның барлық тобының мүддесін ескеретін заңнаманы әзірлеу процесінде деректерді пайдалану мәселелерін талқылады. Сарапшылар өз елі деңгейінде алалауға, қауіпті әлеуметтік құбылыстарға және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған табысты бастамаларды іске асыру процесінде жинақталған тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметі — биылғы конференцияны ұйымдастырғандардың бірі. Бұл еліміздің 2023 жылдың басында EGED бағдарламасына қосылғанымен тұспа-тұс келді.

Біз Алматыда Орталық Азия, Моңғолия және Ұлыбритания елдерінің ұлттық статистика қызметтерінің басшыларын қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл елдер үшін өз көзқарасын бөлісудің және мемлекеттік статистика жүйелерін жаңғырту жөніндегі жоспарларымызды үндестірудің бірегей мүмкіндігі. Біз бәріміз ортақ бір мақсатты – барлық азамат пен саяси шешімді қабылдаушыларға шынайы деректерді ұсынуды көздеп отырмыз. Біз мемлекеттік саясатты жасаушылар, зерттеушілер мен азаматтар үшін деректермен жұмыс істеуге қатысты сауатты арттыратын жаңа бағдарламаны іске асыруға кірістік. Бағдарлама деректер негізінде шешім қабылдау мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Қазақстан EGED бағдарламасына қосылғанына қуанышты. Бұл платформа өңірлік деңгейде ынтымақтастық мүмкіндігін жақсартуға жол ашады деп үміттенеміз, — деді Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.