Алматыдағы Арбаттың бүкіл аумағына бейнекамера қойылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Абылай хан даңғылындағы 59-үйдің тұрғынымын. Кешке Арбат жақтан көп шу естіледі. Сол үшін біз түрлі шара қабылдауға: 102-ге хабарласуға, патруль шақыруға мәжбүрміз. Одан бөлек, мұнда мопедшілер де бас қоса бастады. Олар кешкі және түнгі уақытта жиі жиналады. Олар біздің ескертпелерді тіпті елемейді, — деді қала тұрғыны.
Ерболат Досаев Арбат аумағына қосымша бейнекамералар орнатылатынын айтты.
Біз цифрландыру басқармасымен бірге Арбаттың бүкіл жаяу жүргіншілер аумағына бейнекамера орнатамыз. Аудан әкіміне, полиция департаментіне осы ұсынысты қолдауды тапсырамын. Заңнамалық реттеудің арқасында тәртіп қолға алынады, — деді Алматы әкімі.
Ал қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков Арбат бойынша тиісті шаралар қабылданып, патрульдер көбейтілетінін мәлімдеді.