Басты бетЖаңалықтарТайландтағы катер...

Тайландтағы катер апатынан Қазақстанның үш азаматы зардап шекті

Тайландтағы катер апатынан Қазақстанның үш азаматы зардап шекті. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Тайланд жағалауында қайық дабыл мұнарасына соғылып, 35 адам зардап шекті.

Тайландтағы Қазақстан консулының ақпараты бойынша, катердегі жолаушылардың арасында Қазақстанның төрт азаматы болған. Олардың үшеуі медицина көмегін қажет етті. Дәрігерлер қарағаннан кейін екі отандасымыз ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулықтары мен өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ, — деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, барлық медициналық шығынды катерге иелік ететін тай компаниясы мойнына алды.

Консулымыз зардап шеккен азаматтармен де, жергілікті билікпен де үнемі байланыста, — деді ресми өкіл.