18 мамырда Алматыда Музей түні акциясы өтеді

Алматы музейлер бірлестігі «Музей түні – 2023» акциясы аясында ауқымды мәдени-ойын-сауық іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы бірлестіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Музей түні — халықаралық музейлер күніне орай мәдени мекемелердің қатысуымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын акция. Мәдени іс-шара кең аудиторияның, ең алдымен жастардың музейге деген қызығушылығын арттырады. Музей түні акциясы 18 мамыр күні сағат 18:00-00:00 аралығында өтеді, — делінген хабарламада.

Акцияға Алматы музейлер бірлестігінің жеті музейі қатысады: Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А. Қонаев музейі, Н. Тілендиевтың мемориалдық музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешені, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы және А. Байтұрсынұлы музей-үйі.

Музей түні акциясында келушілерге танымал әнші Ғазизхан Шекербек, Музарт тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов, «Украина даусы» шоуының финалисі Ерлан Байбазаров, Tengri ethno music band, дәстүрлі әншілер Мұрат Әбіғазы, Нұржан Жанпейісов, Рамазан Стамғазиев, Steppe Sons модерн этно-джаз тобы, Ерболат Құдайберген қатысатын концерттік бағдарлама, «Тірі музей» театрландырылған қойылымдары, тақырыптық экскурсиялар, интеллектуалдық квест-ойындар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.