Басты бетЖаңалықтарЕлімізде қандас...

Елімізде қандас статусын беру тәртібі өзгереді

Енді қандас статусын алу үшін өтініштер Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша қабылданады. Жаңа тетік бірқатар мемлекетте пилоттық режимде іске асырылып жатыр.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жаңа тәртіп президент 19 сәуірде қол қойған «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында бекітілді. Бұл елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселелерді шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас статусын алуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, қазір этникалық қазақтардан өтініш қабылдау бойынша жұмыс визалық режим елдерінде (Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан) орналасқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемелерінде пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Кейінірек елшіліктер арқылы өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдерде де жүргізіледі.

Enbek.kz порталы арқылы пилоттық іске асыру аясында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі енгізілді.