Басты бетЖаңалықтарҮкімет субсидияланған...

Үкімет субсидияланған тыңайтқыштарды экспорттауға шектеу қояды

Үкімет қаулысы бойынша тек өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі бекітілді.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл өнімді ел аумағынан шығаруға тосқауыл қою және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында қабылданып отыр. Аталған норма фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофос сияқты тыңайтқыштар түрлеріне қатысты.

Ішкі нарықты, әсіресе, көктемгі егіс маусымы кезінде осы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мақсатта үкімет олардың құнын 50% көлемінде субсидиялайды. Сонымен бірге бағаның төмендігін алыпсатарлар да пайдаланып кетіп жатыр. Осылайша кеден органдары елімізде субсидияланатын тыңайтқыш өндірушілерден бөлек нарық субъектілері экспорттаған фактілерді де тіркеп жатыр. Бұл отандық аграрийлердің сұранысын қамтамасыз етуге кері әсер етеді. Сондықтан үкімет тыңайтқыштардың осы түрлерін тек оларды өндірушілерге ғана экспорттауға айрықша құқық беру туралы шешім қабылдады, — делінген хабарламада.

Отандық аграрийлердің тыңайтқыштарға деген сұранысы өңір әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес басым тәртіппен қамтамасыз етіледі.

Қабылданған қаулы негізінде заңда белгіленген мерзімде тиісті лицензиялар беру тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілер әзірленеді.