Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ержан Бұрхановтың айтуынша, былтырғы жылы 9 мың мектеп бітіруші жоғары оқу орындарына түгілі колледждерге де түспеген. Оның үш мыңы — жұмыссыз, қалғаны — жалдамалы жұмысшы болып жүргендер. Осының алдын алу үшін облыста «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасы қолға алынған.
Биылдан бастап осы бағдарлама аясында 17 500 жас тегін білім алатын болады.
«Бұл цирфды біз алдын ала жүргізілген статистикалық жұмыстарға сай анықтадық. Кез келген мектеп бітіруші техникалық, технологиялық салалар бойынша облыстағы кез келген орта арнаулы оқу орындарына келіп, тегін оқуға түсе алады. Тағы бір ерекшелігі, оқуға түскен барлық студент мемлекеттік шәкіртақы алады. Яғни, оларға «беспен» немесе «үшпен» оқыса да, стипендия беріледі», — деді Ержан Бұрханов.
Айта кетейік, «Жалпыға бірдей тегін тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасында екі бағыт бар.
Біріншісі колледждерге оқуға түсетіндерге арналған. Ол үшін білім алушының жасы 29-дан аспауы тиіс.
Ал екінші бағыт қайта даярлау курстарын оқитындарға арналған. Олардың жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Оқуға түскен әрбір азамат тегін ыстық тамақпен қамтылады.
Ерекше айта кетерлігі, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 91 орта арнаулы оқу орындары бар. Оның 43-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік білім ордалары.