Жыл сайын ұрлық қылмыстарынан азаматтарға 10 миллиард теңгеден аса шығын келеді. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған.
Ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстардың шамамен 80%-і меншікке қатысты – ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық жымқыру. 2018-2022 жылдар ішінде ұрлық үлесі 62,6%-тен 40,1%-ке төмендеді, — делінген құжатта.
Жыл сайын ұрлықтан азаматтарға 10 миллиард теңгеден аса шығын келеді. Кейінгі бес жылда қылмыс уақытылы ашылып, зардап шеккендерге 57 млрд шығынның 32 млрд теңгесі өтелген.
Талдау көрсеткендей, ұрлықтың 62%-і күндізгі уақытта жасалады. Қылмыстың 85%-і — қалта заттары, жартысынан көбі ұялы телефон және 65%-ы көлік құралдарын ұрлау бойынша тіркелген. Ұялы телефон ұрлығының жоғары үлес салмағы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, Ақтөбе, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі, — делінген тұжырымдама мәтінінде.
Құқық қорғау органдарының ақпаратына қарағанда, азаматтар ұрлық фактілері туралы арызды кеш түсіреді. Бұл аралықта қылмыскер мүлікті өткізіп үлгереді.