Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қарт майдангер Солтанбай Жарықбасовты Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы өңірлік баспасөз қызметі хабарлады.
Қарияны төл мерекесімен құттықтау үшін облыс әкімі Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылына арнайы барды.ардагер
Сый-құрметін көрсеткен облыс басшысы 98 жастағы ақсақалға көзсіз ерлігі үшін алғыс айтты.
Сіздер қаққан жеңістің темірқазығы тәуелсіз елдің тұғырының берік әрі биік болуына сеп болды. Бүгінгі күнгі мамыражай тірлік кешуіміз өздеріңіз сынды ардагерлердің сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен батылдығының арқасы. Әр майдангердің маңдайынан шыққан теріне, жанын қиған ерлігіне қарыздармыз. Сіздерді ұлықтау тұтас ұлтқа парыз, — деді аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Өз кезегінде Солтанбай ақсақал, елеп ескеріп келген өңір әкіміне ризашылығын білдіріп, батасын берді.
Мереке күні ұмыт қалдырмай арнайы келгеніңізге рахмет айтамын. Біз үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын, — деді Солтанбай Жарықбасов.
Айта кетейік, Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы өмірге келген. Ол 1943 жылғы қаңтарда Ташкенттегі мергендер курсында оқып, сәуір айында әскерге аттанған.
Жапондықтарға қарсы соғысқан Солтанбай Жарықбасов Забайкал майданындағы 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында 1-ші батальонының, 1-ші ротасының пулемет бөлімшесінің командирі болған.