Басты бетЖаңалықтарЕрлан Қошанов...

Ерлан Қошанов Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындалды

Бұған дейін Қарағанды облысын Нұрмұхамбет Әбдібеков басқарған. Ол қазір Елбасының Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Айта кетейік, Ерлан Қошанов 1962 жылы Жезқазған облысындағы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. Мамандығы — инженер механик және экономист.

Еңбек жолын «Жезқазғантүстіметалл» ҒӨБ байыту фабрикасының слесары, шебері (1986-1988) болып бастады. ҚЛКЖО Жезғазқан облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі (1988-1990), Жезқазған облыстық сыртқы-экономикалық байланыс комитетінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы болды (1990-1995), Қазақстан Республикасы Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі (1999-2003), ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары (2001-2003), ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі (2003-2006), ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы (2006-2007), ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары — Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі өкілі (2007 жылдан бастап) болды.

2012 жылдың ақпанынан бері ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.