Алматы полицейлері есірткі мен қару сақтаған ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алматы полициясы арнайы іс-шараны Достық даңғылы мен Оспанов көшесінің қиылысында жүргізген. Бұрын мүліктік қылмыс үшін сотталған 44 жастағы А. есімді ер адамнан рұқсат етілген жеке тінту барысында, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған полиэтилен тәркіленді.
Арнайы іс-шара қару ұрлау дерегі бойынша ҚР қылмыстық кодекстің 291-бабы 3-бөлігіне сәйкес қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында жүргізілді. Кейін күдіктінің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде сарайдан АК-74 автоматы мен ТОЗ-17 шағын калибрлі мылтығы табылды. Бұл қарудың нақты кімдікі екені мен шығу тегін арнайы сараптама анықтайды. Сонымен қатар А. есімді ер адамға есірткі сатқан 1970 жылы туған М. есімді ере адам сол уақытта ұсталды. Ол да тексерілді. Нәтижесінде белгілі бір иісті, өсімдік тектес заты бар полиэтилен байламы және күні, аты-жөні, ақша сомасы жазылған жазбалар тәркіленді, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Сонымен бірге полицейлер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жарияланбайтыны хабарлады.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады, — делінген хабарламада.