Басты бетЖаңалықтарМәжілісте электросамокаттарды...

Мәжілісте электросамокаттарды көлік құралы ретінде тану мақұлданды

Бүгін мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасы бойынша, электросамокаттарды көлік құралы ретінде тану мақұлданды. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Бірақ электросамокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылғы шілдеде қабылданды.

Электросамокатпен жолдың оң жақ шеткі бөлігінде 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар, сонымен қатар басына шлем киген адамдарға жүруге рұқсат беріледі. Жолдың жүру бөлігіне шығатын жүргізушілерге қойылатын талаптар апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында енгізілді. Электросамокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Электросамокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек, — делінген заң жобасында.

Заң жобасы екі оқылымда мақұлданып, сенаттың қарауына жіберу ұсынылды.