Қасым-Жомарт Тоқаев 8-9 мамыр күндері Ресейге жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Президент Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза болған қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етеді. Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ірі ұрыстардың бірі. Сонымен қатар мемлекет басшысы Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барады. Онда президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев та жерленген. Ржев түбіндегі шайқасқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады. Бұл шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған, — делінген хабарламада.