ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбаздарды, сержанттарды, ардагерлерді, офицерлер мен генералдардарды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады.
Жеке өз атымнан және Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы атынан Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына орай шын жүректен шыққан құттықтауды қабыл алыңыздар!
Біз Қазақстан әскеріндегі үздік дәстүрлерді ел қорғаған баһадүр бабалар ерлігінің, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушылардың майдан даласында көрсеткен қайталанбас қаһармандығының заңды жалғасы деп білеміз.
Қарулы күштердің әскери қызметшілері ел тәуелсіздігінің сенімді қорғаны бола отырып, мұқалмас жігері мен қайсар рухын паш етуде.
Бүгінде халқымыздың тыныштығын қорғауға қабілетті қазіргі заманғы Қарулы күштер қалыптасып, қарыштап дамып келе жатқанын сеніммен айтуға болады.
Заңнамалық база әскери доктрина мен республика Қарулы күштерін дамыту тұжырымдамасының жалпы мәселелерін түбегейлі шешіп берді. Сонымен бірге бұл жағдайға Қазақстанның әлеуетті мүмкіндіктері мен сыртқы әлемнің болмысы да негізгі критерий болып отыр.
Әскери әлеуетті нығайтумен қатар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аса маңызды басымдығы ретінде екіжақты және көпжақты қатынастарды дамытуға, Ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне қатысуға негізделген пәрменді саяси дипломатия құралдары айқындалды.
Қазақстан ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың белсенді қатысушысы болып қала береді. Бұл бағытта әлемнің көптеген дамыған елдерімен әріптестікті тереңдетіп, БҰҰ аясындағы операцияларға қатысамыз.
Бүгінде қазіргі заманғы талапқа сай жақсы жарақтанған әскеріміз бар. Болашақта да қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралы және Отанның шынайы патриоттарынан тұратын тірек болып қала береді.
7, 9 мамыр мерекелерінің қатар келуі Отан қорғаушылардың ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді.
Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі ретінде өшпес із қалдырды.
Жас Отан қорғаушылары үшін майдангерлердің даңқты жауынгерлік жолы өмір мектебі бола қала бермек. Олардың жанқиярлық ерлігінен үлгі алып өскен Қазақстан жауынгерлері өз міндеттерін атқаруға адал.
Бүгінгі мерекеде өз өмірін ел қорғауға арнаған, Отанына берген антына адал әскери қызметшілерді құттықтаймын. Жауынгерлік кезекшілік атқаратын, еліміздің әуе кеңістігін күзететін адамдарға ерекше алғысымды жеткізгім келеді.
Бітімгерлік қызметке қатысатын әскери қызметшілер де айрықша құрметке лайық.
Қарулы күштердің жеке құрамы алдағы уақытта да өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып, абыройлы қызметімен үлгі болып, аға буын – қазақстандық жауынгерлердің игі дәстүрлерін жалғастыра беретініне сенімдімін.
Барлық әскери қызметшілерге, соғыс және Қарулы күштердің ардагерлеріне, еліміздің азаматтарына мықты денсаулық, амандық және ашық аспан тілеймін.