Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрметті қазақстандықтар!
Бұл – тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршамызға ортақ қастерлі мереке.
Елін қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Бүгінде жауынгерлеріміз батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, ел тыныштығын қырағылықпен күзетіп тұр. Олардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қалтқысыз қызметі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
Өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, антына адалдық танытып жүрген барлық сарбаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Армиямыздың айбыны асқақтай берсін!
Еліміздің іргесі әрдайым берік болсын!
Әскери қызметшілерге, ардагерлерге және барша отандастарымызға зор денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілеймін!