Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адан Гебрейесус 2020 жылы басталған COVID-19 төтенше жағдай режимінің аяқталғанын жариялады.
Бұл туралы ДДСҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейесус Женевадағы брифиңде мәлімдеді. Мұны еліміздің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
ДДСҰ басшысының айтуынша, әлемде коронавирустан 20 миллион адам қайтыс болды.
Осы уақыт ішінде коронавируспен ауырған адамның саны 765,2 миллионға жетті. ДДСҰ COVID-19 пандемиясын 2020 жылғы 11 наурызда жариялады. Ол үш жыл бір ай және 24 күнге созылды.
Қазақстанда 2020 жылғы 13 наурыз бен 2023 жылғы 5 мамыр аралығында коронавирус инфекциясының 1 411 883 дерегі тіркелді.
Пандемия 13 848 қазақстандықтың өмірін қиды.
Оған қоса 2020 жылғы 1 тамыз бен 2023 жылғы 5 мамыр аралығында КВИ пневмониясының 91 027 дерегі тіркелді, одан 5 413 адам қайтыс болды.