Көрісу күнінің мәні неде?
Көрісу – қыстан аман шығып, жаңа өмірге, жаңа күнге аяқ басқан халықтың шүкіршілік етуінен туған мереке. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, бір-бірімен аман қауышқанына қуанады. Жасы кішілер үлкенге көрісіп, құрмет көрсетеді. Өйткені, наурызда табиғат жаңарып, халық жаңа өмірге ізгі қадаммен аяқ басады. Бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, тыныштыққа, берекелі тірлікке шүкіршілік етеді.
Неге 14 наурыз күні көріседі?
Омар Хайямның «Наурызнаме» кітабында жаңа жылдың 14 наурыздан басталатыны айтылады. Ескерерлігі, Омар Хайям – өз заманында дүние жүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март – ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша жаңа жыл Ұлыстың Ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» деп жазған.
Қалай тойланады?
Көрісу — қазақ халқының ізеттілік пен көрегенділікке, ауызбіршілік пен бауырмалдылыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Сондай-ақ, халық арасында: «Амал күні кімде-кім қырық адаммен көрісер болса, Құдай тағала күнәларын кешіріп, дұға-тілектерін қабыл етер» деген де сенім бар. Бұл күні әрбір шаңырықта дастархан жайылып, ет асылып, «Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын», «Жыл құтты болсын!» деген ақ-жарма тілектер айтылады. Ренжіскендер татуласады.
Қазіргі уақытта бұл күн тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталған. Көршілес Ресей елінің Астрахан, Самара, Волгоград және Саратов облыстары, Қарақалпақ Республикасы мен Өзбекстан елі де ерекше ықыласпен атап өтеді.