Jusan Vibe алаңында ұйымдастырылған Futuristan көрмесі ерекше. Онда 18 автордың өнер туындысы қойылған: бірінің салған суреті ілінсе, бірінің жасаған мүсіні қойылды, енді бірінің технология арқылы жасаған туындысы тұр. Өнер иелері Орталық Азияның болашағы туралы не ойлайтынын жеткізбек болған. Baribar.kz тілшілері көрменің ашылуына барып, туындыларды тамашалап қайтты.
Көрме кураторларының бірі Анвар Мусреповтің айтуынша, көрменің бұлай аталуына әзербайжандық суретші Баби Бадаловтың 2019 жылы Astana Art Show фестивалі аясында өткен Racing the galaxy көрмесіндегі жұмысы әсер еткен. Бүгінгі көрме шымылдығын да автордың дәл осы жұмыс ашты.
«Афрофутуризм» терминінің авторы Марк Деридің айтуынша, ХХ ғасырдағы ғылыми фантастиканың басым бөлігін америкалық, еуропалық жазушылар жазған. Бірақ олар еуропалық емес кез келген мәдениет өкілдерін болашақ проекциясынан алып тастайды. Сол себепті бүгінгі шара арқылы өлкемізде футуризмді қалыптастырып, Орталық Азия елдері болашағын көрсетеміз. Ал Баби Бадаловтың бұл жұмысы тек көрме емес, құдды болашақтың шымылдығын ашып тұрғандай, — дейді көрме кураторы.
Анвар Мусрепов қазір қоғам идея дағдырысында жүр деп есептейді. Себебі адамдар болашақ дегенде қиял-ғажайыптың мыңдаған қаруын елестеді. Геосаяси қақтығысы және өндірісі жоқ әлемді көз алдына келтіре алмайды.
Мұндағы туындылар утопиялық болашақты позитив түрде көрсетеді, — дейді ол.
Көрмеге басқа да мемлекеттің өнер иелерінің жұмыстары қойылған. Олардың шығармашылығына қарап, болашақты әркім әртүрлі елестететінін түсінуге болады. Мысалы, автор Саид Атабеков «келешекте астанадағы Бәйтерек зымыран сияқты ұшады, ал адамдар ғарышқа бесікпен де бара алады» деп ойлайды. Шынымен-ақ, қиялға неге ерік бермеске?!
Ал Алмагүл Меңлібаеваның мына бір жұмысы «Электр сымдарының биологиясы» деп аталады. Ол болашақта технологияның дамып кететіні соншалық, ол адамның көмегінсіз-ақ табиғатпен үндесіп кетуі мүмкін деп санайды. Бұл картина арқылы автор жер бетінде тек адам емес, табиғаттың да маңызды екенін көрсетпек болған.
Көрмеде суретші Аружан Мұқанның үш жұмысы тұр. Аружан туындыларына атау қоймаған. Оны көрерменнің еркіне қалдырған. Дегенмен ол шығармашылығы арқылы заман қанша өзгерсе де, дамыса да, адамзат, оның ішінде біздің қоғам өзінің рухани болмысынан ажырамайтынын жеткізгісі келген.
Бір картинамда өзімнің автопортретімді бейнеледім, бұл — менің ішкі күйім. Ал екінші туындымда басы жоқ жануардың денесін салдым. Көбі «құрбан шалумен байланысы бар ма?» деп сұрайды. Жоқ, олай емес. Меніңше, бұл — біздің ұлы даламыздың рухы. Болашақта технология жетістігін көрсек те, болмысымызға, қалпымызға қайтып келеміз, одан ешқашан қаша алмаймыз, — дейді Аружан.
Авторлардың қатарында тартылып жатқан Арал теңізінің жағдайын көрсеткендер де бар. Азизов Шаденова тұз бен судың теңіздің көз жасы болып төгіліп жатқанын бейнелеген.
Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосовтың айтуынша, Jusan Vibe алаңы шығармашылығымен қоғамның маңызды тақырыбын қозғайтын авторларды әрдайым қолдауға дайын.
Біріншіден, өнер — сұлулық. Біреулер онымен үйін безендірсе, біз Jusan Vibe кеңістігімізді көркейттік. Екіншіден, бұл — заманауи өнер. Оның артықшылығы авторлардың қоғамға бір ой жеткізгісі келетінінде. Қазіргі уақытта өзекті тақырып көп: гендер мәселесі, экологияның нашарлағаны және тағы басқа. Бүгінгі шараның тақырыбы — болашаққа деген көзқарас біз үшін қызық әрі маңызды болып көрінді, сол себепті қолдағанымыз дұрыс деп шештік. Осылайша, біз елдегі мәдениетті дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселені көтеруге және алматылықтарға, оның ішінде Jusan қызметкерлеріне ерекше орта қалыптастыруға атсалысамыз, — дейді Нұрдәулет Айдосов.
Jusan Vibe алаңындағы көрмеге кез келген адам сағат 10.00-21.00 аралығында бара алады. Көрме 18 маусымға дейін ашық. Мекенжайы: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 36.