Басты бетЖаңалықтарЕңбекшіқазақ ауданының...

Еңбекшіқазақ ауданының 54 елдімекеніне бес жылда газ қосылады

Еңбекшіқазақ ауданының 54 елдімекеніне бес жылда газ қосылады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында аудан әкімі Алтай Досымбаев айтты.

Брифиңде бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілді. Оның бірі — ауылдарды газдандыру. Қазіргі таңда аудандағы 64 елдімекеннің 14%-інде ғана газ қосылған немесе 25 мың абоненттің 8,7 мыңында ғана көгілдір отын бар.

«Ауқат Инвест» атты жеке инвестор компаниясы бес ауылға газ тарту үшін жобалық-сметалық құжатын дайындап жатыр. Жоба құны аталған құжат әзір болғанда анықталады. Тағы үш жобаға қаражат бөлінді. Сонымен қатар 54 елдімекенді толық қамту мақсатында осы компания инвестициялық жоба әзірлеп жатыр. Алдымен бес ауыл, кейіннен кезең-кезеңімен қалған ауылдар көгілдір отынға қосылады. Бұл жоспар бес жылға жалғасады. Газ қосу бағасы шамамен 350 мың теңге болады, — деді әкім.

Аудан әкімі көпқабатты үйлерді жылумен қамту үшін 16 блоктық-модульдық қазандықтар орналастыру жоспарланғанын айтты. Бүгінгі таңда 15-нің құрылысы аяқталды, біреуінің құжатына өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталған жоспар мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған.