Биыл 6,1 мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды

2023 жылдың басынан бері алты мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 6 144 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас статусын алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 112,6 мың этникалық қазақ оралды.

Биыл Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (53,9%) Өзбекстаннан, 19,1%-і Қытайдан, 12,1%-і Ресейден, 5,6%-і Түрікменстаннан, 5,7%-і Моңғолиядан және 1%-і басқа елдерден келгендер, — делінген хабарламада.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,2%), Маңғыстау (13,8%), Түркістан (6,4%), Жамбыл (5,1%) облыстарына, сонымен қатар Астана (11%), Алматы (8,8%), Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанған.

Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке жарамды жастағы этникалық көшіп-қонушылардың саны 68,8% болса, 22,9%-і еңбекке жарамды жастан кіші адамдар, 8,3%-і зейнеткерлер. Еңбекке жарамды жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 18%-і жоғары, 38,6%-і арнаулы орта, 37,4%-і жалпы орта білімі бар, 5,9%-і білімі жоқ, — делінген хабарламада.