Станислав Канкуров желіде дау тудырған қалалық мәслихат депутатының ісіне қатысты пікір айтты

Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастырамыз. Amanat партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуром желіде дау тудырған қалалық мәслихат депутатының ісіне қатысты Facebook-парақшасында осылай деп жазды.

Қадірлі әлеумет! Анна Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. Amanat партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды. А.Башинская абайсызда қателікпен жазылған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады. Дегенмен, айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды. Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастырамыз. Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюға тиіс, — деп жазды Станислав Канкуров.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийдің Deutsche Welle басылымына берген сұқбатында Қырымды қайтару туралы мәлімдемесіне «Зеленский мырза, Қырымнан көрі Түркия дұрыс, ол жақтың ауа райы қолайлы», деген мағынада пікір айтты.

Депутаттың бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, олар депутаттың мандатын тапсыруын талап етті.

Кейінірек депутат осы пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.