Мектептегі сәтсіз English және оны жөнге келтіру жолдары

Мектепті тәмамдағандардың басым көпшілігі шет тілді меңгеруді тастап қояды. Себебі мүмкіндік оңайлықпен қолға түспейді. НЕ ЖОҚ болды: мотивация, қажеттілік, ағылшын тілінде қарым-қатынас жасайтын орта және пайдалы құралдар.

Қуанышқа орай, қазіргі уақытта тілді тез меңгеруге көмектесетін мүмкіншіліктер шексіз. Алдымен қайталамау мақсатында неден қателестік және оның орнын толтыру жолдарын қарастырып көрейік.

№1 қателік. Бестік баға

Мектепте сізді не жігерлендірді? Бестік баға, ата-ананың, мұғалімдердің мақтауы, жақсы аттестат? Шындығында бұларға қол жеткізу үшін тілді меңгеру қажет емес. Үйге берілген тапсырманы талап етілгендей орындау — жеткілікті.

САБАҚ: Тілді жетік меңгеру үшін бағалау жүйесін өзгертіңіз. Мысалы, жалақысы көп қызмет сіздің тілді үйренуіңізге көмектесетін негізгі мотивация көзі болуы мүмкін. Мұхтар Шахановша айтсақ, «Үлкен адам болу үшін ғаламда, Үлкен арман керек адамға». Ескеріңіз, Сіз үлкен деп бағалаған арман бір-екі аптаға ғана созылмауы керек.

Қолыңызға кітапты алмас бұрын ағылшын тілін меңгерудегі мақсатыңызды бағдарлап алыңыз. Дәл қазір мына сұраққа жауап беріңіз:

Мен не себепті ағылшын тілін үйренемін?

№2 қателік. Ағылшын тілді ортаның болмауы

Talk to your partner. Осы тапсырмамен ғана көпшілігіміздің ағылшын тіліндегі қарым-қатынасымыз шектелген. Жоғарғы сыныптарда да сабақтың жартылай қазақша өтуі сіздің тілді меңгеруіңізге көп кедергі келтірді.

Тілді тез үйрену үшін сізге ағылшын тілді орта қалыптастыру керек. Тым болмаса бір адаммен жүйелі түрде ағылшынша сөйлесіп отырыңыз. Ең дұрысы (егер шетелге шығуға мүмкіндігіңіз болмаса) Skype арқылы шетелдік дос табыңыз.

Интернетте шетелдіктермен ағылшынша хат жазысуға арналған сервистер өте көп. Бөлісе отырайық:

Interpals

Мұнда сіз жер бетінің әр түпкірінен ағылшынша хат жазысуға достарды оңай табасыз немесе олардың арнайы форумдарына мүше болу мүмкіндігіне ие боласыз.

Сілтемесі мұнда 

My Happy Planet

Бұл сайтта ағылшын тілді азаматтармен хат алмаса аласыз. Сондай-ақ мұнда видео-сабақтар бар.

Сілтемесі мұнда

My Language Exchange

Текст арқылы әрі дауыспен хат жіберуге арналған құрал. Мұнда сабақтардың жоспары және т.б. мүмкіндіктер бар.

Сілтемесі мұнда

Skyeng

Бұл сайтта сіз өзіңізге ұстаз таңдап, қашықтықтан білім алуыңызға болады.

Сілтемесі мұнда

№3 қателік. Қызығушылықты арттыру

«Тілді оқимын» деп жігерге қанып, ұзаққа бару мүмкін емес. Қызығушылығыңызды арттырыңыз. Қалай?

Тілді оқуды бастағаннан-ақ оған деген қызығушылықты арттырып отыру қажет. Оған қоса бұл кезде сіз шетелдіктің тілін, сериалын, кітабын да түсінбейсіз. Қиын. Дегенмен, қолдан келер іс! Көмек ретінде сізге Aword қосымшасы кәдеге жарауы мүмкін.

Біріншіден, мұнда әрбір сөзге қатысты анықтамамен қоса, сурет беріледі. Есте сақтауға өте тиімді.

Ағылшын, Aword

Екіншіден, суреттерді сәйкестендіру, аудармасын табу, әріптерді дұрыс орналастыру тәрізді тапсырмалар орындап отырасыз. Бұлар да сөздерді жадыға сақтауға көмектесетін жаттығулар.

 

Ағылшын, Aword

Дәптерге жазып, сызып отырудан гөрі бұл қызықты тәсіл. Әрі сіз оны кез келген уақытта пайдалана аласыз. Мысалы, кептелісте, кезекте тұрғанда, жай ғана тынығып отырғанда да жаттығуға қолайлы құрал. Себебі ол кәдімгі ойын тәрізді.

Ағылшын, Aword

Сондай-ақ мұнда сөздер тақырыптарға қатысты бөлінген: экзамендер, кітаптар, саяхат, фильмдер және т.б.

Aword қосымшасын iOS немесе Android-қа да қондырып алуға болады.

Тілді үйрену диета ұстау тәрізді. Жаттығуларды доғарсаңыз, «салмақ қосуыңыз» ғажап емес. Бастысы нәтижеге қарай ұмтылыңыз. Сәттілік!