Алматыдағы Efes Art Space алаңында «Әйелдерді бейнелейтін әйелдер» деген көрме ашылды. Онда Айтуар Әмірханова, Айнұр Малеева, Тамара Изимова, Зарина Мұзатаева, Ксения Тасекеева, Ксения Красноперская, Равиль Нарегеев — жеті суретшінің туындылары ұсынылды.

Көрмеде суретші Айтуар Әмірханованың үш картинасы ілініп тұр. Үшеуінде де қазақ салт-дәстүрінің әйел тағдырына ықпалы бейнеленген. Соның бірі — «Келіншай» деген картинасы.

Кеседегі шай емес, келіннің көз жасы. Өкінішке қарай, кей салт-дәстүріміз әйелді қалай алалап жатқанын байқамаймыз. Мәселен, жақында анам екінші рет тұрмыс құрды. Жасы қырықтан асса да, жаңа келін болған соң жаңа туыстарының көңлін тауып, шай құйып, қызмет етіп жүр. Меніңше, бұл жаста орынсыз сияқты. Келіншай дәстүрінің түпкі мақсаты жақсы шығар, дегенмен кейде адамдар асыра сілтеп, иерархия құрып кетеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Міне, картинам арқылы осыны көрсеткім келді, — дейді Айтұар.

Айтұар Әмірханова. Фото: MaxBelech

Айтұар туындысы арқылы тұрмыстағы әйелдің мәселесін көрсетсе, Тамара Изимова әйелдердің қаншалық мықты әрі талантты бола алатынын жеткізуді мақсат етіпті. Оның көрмедегі картинасының бірі «Әпкелер» деп аталады.

Аңыз-әңгімеге сүйенсек, 14-15 ғасырда Аманисахан деген ұйғыр әйелі болған. Оның кезінде көбіне ерлер білім алған, ғылыммен айналысқан, аспапта ойнаған. Дегенмен Аманисахан сол уақытта-ақ әйелдердің де бір істі жетік меңгере алатынын дәлелдеген. Тарихта ол ұйғыр аспаптарын кәсіби түрде меңгерген талант иесі ретінде қалған. Аманисахан мені шабыттандырды, оған тәнті болдым. Содан оның суретін салуды жөн көрдім. Ал жанына өзімнің фантазиям бойынша, сіңлісіндей болған шәкіртін бейнеледім, — дейді.

Фото: MaxBelech
Тамара Изимова. Фото: MaxBelech

Efes Art Space жобасының кураторы Ольга Веселованың айтуынша, Efes Art Space 2023 көрмесінің байқауына көп өтініш түскен. Ұйымдастырушылар оның ішінен тақырыпқа сай, үздіктерін таңдап алған.

Әр авторға қолдау көрсеткіміз келеді. Оған қоса Қазақстанның заманауи әйелінің портретін ұсынатын топтық көрме жобасын ұйымдастыру мақсатымыз болды. Әртүрлі техника, әртүрлі материал мен стиль бір тақырыпқа біріктірілген, яғни әйелдер қауымы әйелдерді бейнелейді, — дейді Ольга Веселова.

Фото: MaxBelech

Ал маркетинг директоры Зейнеп Эркан Альптың айтуынша, осындай шаралардың көмегімен қоғамдағы әйел мәртебесін, рөлін көтеруіміз қажет.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында, біз Efes Art Space алаңында бір топ суретшінің жұмысын тамашалау үшін бас қостық. Достық, бейбітшілік және мейірімділік мерекесінде біз қазіргі қоғамдағы әйел рөлін тілге тиек етеміз, өнер призмасы арқылы рухани құндылықтарға назар аударамыз, — дейді Зейнеп Эркан Альп.

Зейнеп Эркан Альп. Фото: MaxBelech

Бұл көрмеге кез келген адам барып, оны тамашалай алады. Нақты күнтізбені Efes Art Space Instagram парақшасынан www.instagram.com/efesartspace табуға болады.

Фото: MaxBelech