Мобильді байланыс аэронавигация жұмысына кедергі келтіреді
Авиалайнерлердегі электронды жүйенің жұмысы күрделі. Ұшақта мобильді байланыстың болуы автопилоттың арнайы белгілер (сигнал) бойынша бағытын анықтауына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, телефон аэронавигациялық құрылғылардың жұмысына зиян келтіріп, жердегі бақылау орталықтарына рейстерді қадағалауда қиындық туғызады.
«Телефон тыныштықты бұзады»
Әуе көлігіне мінген жолаушы жайлы орындыққа жайғасып, әдемі ақша бұлттардың арасында ұшып келе жатып басқа қиындықтарды ұмытқысы келетіні анық. Ал жанындағы адамдар телефонмен сөйлесіп мазаңды кетірмеуі үшін осындай талап қойылған. Авиакомпаниялар жолаушылардың мазасыздығы туралы шағымдарын тыңдауға мүдделі емес. Транспорттың кез келген түрінде шу көбінесе ұялы телефонның кесірінен пайда болатын көрінеді.
Түрлі гаджеттер мен электрониканың қарқынды дамуымен қатар, авиақұрылғылар да күн санап жетіліп келеді. Алайда ұялы телефондарды қолдану туралы сынақ тәжірибелерін қайта-қайта өткізу көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан, ұшақта телефонды өшіріп қоюдың дұрыстығы туралы пікір әлі алынып тасталған жоқ.
Бортсеріктердің айтуынша, ұшақтағы жолаушы ғаламтор арқылы Жерде болып жатқан жағымсыз оқиғалардан хабардар болып немесе қайғылы оқиғаны естіген сәтте күйзеліске тап болуы мүмкін. Ұшу процесінде осындай оқиғалар орын алмас үшін телефон байланысы болмағаны дұрыс.
Ұшақтағы ақылы телефондар
Егер сізге шұғыл түрде жердегілермен байланысу қажет болса, ұшақтағы арнайы ақылы телефондарды пайдалана аласыз. Көк пен жердің арасындағы қоңыраудың құны да жоғары болмақ. Демек, авиакомпаниялар қосымша табыс көзін табу үшін арнайы заң шығаруы да ғажап емес.