Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ресейлік «Газпром» компаниясының Қазақстанға экспортталатын газ бағасы туралы мәлімдемесіне қатысты пікір айтты.
Үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап берген ведомство басшысы елдер арасындағы достық қарым-қатынас негізінде баға әділетті болады деп сендірді.
Өздеріңіз білесіздер, кез келген экспорттық өнім бағасы өзіндік құн, елдер аумағы арқылы тасымалдау, өндірушілер негізгі өзіндік құнға салатын кірістен тұрады. Газ бағасын «Газпром» корпорациясы мен Ресей үкіметі белгілейтінін түсінеміз. Баға белгілеу Қазақстанмен де, Беларусь Республикасымен де достық қарым-қатынастар негізінде әділ болатынына сенімдіміз. Біздің елдер арасындағы стратегиялық әріптестік факторлар, оның ішінде экономикалық параметрлер де ескеріледі, — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан үшін ресейлік газдың бағасы басқа елдерге қарағанда төмен болатынын айтты. Бірақ кейін «Газпром» бұған қатысты мәлімдеме жасап, бұл ақпаратты жоққа шығарды.