Саида және Дина Ыбышевалар — туған апалы-сіңлілер. Қазір олар керек емес полиэтилен пакетінен сырға, сөмке, жаңа пакет жасап сатады. Қыздар пластик тұтынудың зияны, жергілікті халықтың қалдықтан жасалған заттарға көзқарасы, пластик қолданысы мен халықтың экономикалық ахуалы арасындағы байланыс туралы айтып берді.
Белгі және алғашқы қадамдар
Саида мен Динаның жобасы Jasyl Jurek деп аталады. Бұл іспен айналысуға интернеттегі бір видео себеп болған.
Бес жыл бұрын Facebook–те жағада өлім аузында жатқан киттің видеосын көріп қалдым. Кейін мамандар оны зерттеп, киттің ішінен 300 пакет алып шыққан. Сонда жаңағы кит ас қорыта алмай қиналып, жағаға суицид жасау үшін жүзіп келіпті. Бұл маған бірдеңе істеу керек деген белгі болды. Оған дейін пластик қайдан келіп, қайда кетеді деп ойламаппын. Іздеп жүріп Precious Plastic жобасын тауып алдым. Жоба авторы пластик өңдейтін кішкентай көліктер ойлап тапқан. Соған ұқсас бірнәрсе жасағым келді, — дейді Саида.
Саида көп созбай видеоны сіңлісі Динаға көрсетіп, оған идеясын айтады. Сіңлісі бірден қолдап, екеуі грант бағдарламаларын іздей бастаған.
Түрлі бағдарламаға өтініш беріп көрдік. Бірақ ешкім қаржы бергісі келмеді. Қазақстанда мұндай іске ақша бөлген ақталмайтынын айтып қайтарды. Сосын әзірге басқа не істеуге болатынын ойладық. Осылай, бес жыл бұрын Jasyl Jurek пайда болды, — дейді Дина.
Қыздар басында пластик пакеттерінен сырға жасап сатқан.
Шкафта толып жататын пакеттерді алып, сырға жасап көрдік. Ол кезде жобаның арнайы парақшасы жоқ еді, жеке парақшамызға салып жүрдік. Достарымыз мақтап, керемет идея екенін айтып, қолдады. Кейін мынадай жақтаулар жасай бастадық. Бірақ бұған көп уақыт пен көп пакет керек екен, — дейді Саида.
Мына жақтауды жасауға шамамен 1500 пакет кетті. Кейінірек қалалық көрмелердің біріне қою үшін осы жақтаудың үлкендеу өлшеміндегі 10 данасын арнайы тапсырыспен жасаған.
Сол 10 жақтауды істегенде қатты қиналып, жобадан сәл шаршап қалғандай болдық. Себебі бұл — өте күрделі жұмыс. Әуелі пакет жинап, керегін пергамент қағаздардың ортасына қойып үтіктейміз. Кейін оның бәрін өзімізге қажет пішінмен жинап, тұмшапешке салып, күйдіреміз. Ол еріген соң, мынадай жақтаулар шығады, — деп толықтырды Дина.
Жақтаулар істейтін кезде қыздар шикізат таппай қиналғанын айтады.
Пакетіміз көп еді, ол тек екі жақтауға жетті. Грантқа өтініш бергенде кейбіреулер «бәрібір шикізат жетпейді ғой» деген. Сонда «Алматы толған қоқыс, толған пластик, шикізат жетпейдісі несі?!» деп таңғалғанбыз. Сөйтсек, шынында, пакет жеткізе алмай қиналдық, — дейді Саида.
Сын-пікір. «Мазақ қылғандар көп болды»
Бірақ қыздар мұндай ірі тапсырыстар бірден түсе қоймады дейді. Басында керісінше хейт жасап, мазақ қылғандар көп болған. Дина алғаш жәрмеңкеге қатысқан күні қатты сынға қалғанын айтады.
Тақырыптық жәрмеңке болған соң, онда сауатты, экологияға бей-жай қарамайтын адам көп болады, біздің жұмысты солардан асып ешкім бағалай алмайды деп барған едім. Ашыла салысымен бір ер адам келіп, жұмыс туралы, нені қалай жасайтынымызды сұрады. Мен де қызығып жатыр деп ойлап қуанып, бәрін айтып бердім. Бір кезде “Онда мен үйдегі қолданылған дәретхана қағаздарын да сендерге әкеп берейін, соны өңдеп беріңдер” деп күлді. Бетіме шапалақпен салып қалғандай болды. Қатты ренжіп, көңілім түсті. Оның үстіне ол мұны бәріне естірте айтты. Содан кейін көп уақыт Instagram-парақшаға да ештеңе салмай кеттім. Бәрі сол адам сияқты ойлайтындай көріне берді, — дейді Дина.
Саида да осындай жағдайлардың көп болғанын айтады.
Сол жәрмеңке бізді көпке таныстырған алғашқы күндер болған соң жадымызда жақсы сақталды. Бір әйел ұлын шақырып, “Қарашы, қандай әдемі заттар, бірдеңе сатып алайық” дегенде баласы бізге естіртіп “Қойшы, ақша төлеген соң “нормально” зат алсақ қайтеді, қоқыс үшін ақша төлейміз бе?” деп кетті.
Қыздар түсінбей, сынай қарайтындар әлі көп дейді. Олардың айтуынша, қонаққа келген кей туысы қыздардың «тағы қоқыс тінтіп жүргенін» айтып тиіссе, кей құрбы-досы адамдар «қоқыс үшін» шынымен ақша төлейтініне таңданады.
Дегенмен үнемі қолдап отыратын, тұрақты сатып алушыларымыз да бар. Адамдардың әлі дайын емес екенін де түсінуге болады. Бір жағынан халықтың көп бөлігінің экономикалық, материалдық жағдайы мәз емес. Бала-шағаны өсіріп-жеткізуді ойлап жүрген, несиесін өтей алмай, айлықтан айлыққа өмір сүретін адам айдаладағы пакеттен тұншығып өлген китті қайтсін? — дейді Саида. — Біз де қарнымыз тоқ, уайымымыз жоқ болған соң, үй мен жайлы өмірге жететін қаражатымыз болғандықтан осындай нәрсені зерттей бастадық.
Табыс көзі. «Біздің орнымызда пысық қыз болса, істі жөңгелетіп әкетер еді»
Саида мен Динаның негізгі кәсібі басқа. Саида қазір кондитерлік кәсіппен айналысады, ал Дина авиация саласына жұмысқа тұру үшін емтихан тапсырып жүр.
Бұл — хобби әрі ішкі қалауымыз. Табыс көзіміз басқа. Біздің орнымызда бір пысық қыз болса, бұл істі де дөңгелетіп әкетер еді. Өкінішке қарай, бұған дейінгі жұмысымда аптасына бес күн офисте отыру міндеттелетін. Қазір авиация саласына ауысып жатырмын. Енді Jasyl Jurek-ке бөлетін уақытым көбейеді, соған қуанам, — дейді Дина.
Саиданың айтуынша, қайта өңделген бұйымға көп ақша төлеуге дайын тұтынушы болмағаннан жоба хобби деңгейінен аса алмай отыр.
АҚШ-та тұратын әпкеміз де upcycling-мен айналысады, яғни киілмей қалған киім-кешекті қиып, жаңа дүние жасап шығарады. Ол жақта адамдар түрлі бренд киімін алғаннан гөрі, ақшасын осындай ерекше туындыларға жұмсағанды жөн көреді. Тіпті экологияға алаңдайтынын осылай жария ету трендке айналған деуге болады. Ал біз қайта өңделген пластиктен жасалған шелекке 5000 теңге бергенше, дүкеннен 1000 теңгеге жаңа шелек сатып аламыз. Бұл енді халықтың әлеуметтік жағдайына келіп тірелетін нәрсе. Сондықтан ешкімді кінәлай алмайсың, — дейді ол.
Динаның үстіндегі свитшотқа ақ гүлдер түскен. О баста жемпірдің өзін ғана сатып алған. Сосын әпкесі Саида ескірген ақ жейдені қиып, одан гүлдер пішіп, свитшотқа тігіп беріпті.
Jasyl Jurek өнімдерінің бағасы аса қымбат емес екенін байқадық.
Рас, АҚШ-та болсақ, мына сырғалар үшін халық әлдеқайда жоғары баға ұсынар еді. Біз жасаған сырғалардың ең қымбаты — 5000 теңге. Басында әдемі болсын деп табиғи тастарды да қосатын болған соң, солай қымбаттау шығатын. Ал қазір пластиктен-ақ жап-жақсы сырғалар жасап жүрміз. Бағасы — 1000-1500 теңге, — дейді Дина.
Дина Жапонияда оқыған. Оқу аяқталған соң елге өзімен бірге әдемі, сапалы пакеттерді ала келіпті.
Сол пакеттерден ерекше әдемі сырға жасап саттық. Әлі күнге дәл сол сырғаларды сұрайтындар көп. Бірақ ондай сырға енді болмайды деп жауап береміз. Өйткені ондай пакет елімізден табыла қоймас. Ол үшін Дина қайта Жапонияға баруы керек (күліп), — дейді Саида.
Қыздарға пластикті таныстары мен туыстары әкеп береді. Өздері де жүрген жерінде жарамды пакет көре қалса, жинай жүреді.
Достарымыз пластиктен бірден бас тартамын деп қиналып қалмаса екен дейміз. Бірден толық бас тарту мүмкін емес екенін мойындау керек. Оның үстіне бұл — үлкен стресс. Сол үшін күйзелмей, қиналмай, пластикті біртіндеп азайта беруге болады. Тым құрыса, қолданған пластикті қайта өңдеу орындарына өткізуді әдетке айналдыруды сұраймыз, — дейді Саида. — Бірақ қатты лас пакеттерді алмаймыз, бірден тазалап келуін сұраймыз. Өйткені оны тазалайтын құрылғымыз жоқ, қолмен жуып-тазалаған соң, бірден кебе қоймайды.
Сырғамен қоса қыздар кардхолдер, сөмке де сатады. Қыздар қазір картхолдерлер көп сатылып жүр дейді. Бағасы 2000-3000 теңге шамасында. Бұған қоса кітап арасына қоятын бетбелгілер де бар.
Бұйымдарға анығырақ қарап, күнделікті қолданып жүрген пакеттерімізді де таныдық.
Жоспар. «Команда жасап, оларға мүмкіндік берсек дейміз»
Қазір қыздар грант байқауларынан толық күдер үзген. Олар алдағы уақытта команда жасап, жобаны үлкейткісі келеді.
Команда жасап, бір жағы оларға жақсы бастамаға үлес қосатын мүмкіндік ұсынып, бір жағы табыс табуына себепкер болсақ деймін. Бес жылда жобаға балаша қызығып та, эмоциялық қажудан қиналып та, бірнеше рет жобаны жабу туралы ойлап та үлгердік. Бірақ бәрібір әлі жұмыс істеп келеміз. Өскіміз келеді, бізбен бірге аудитория да өседі деп ойлаймын, — дейді Саида.
Ол халықтың сауаты артып, экономикалық жағдайы жақсарғанын қалайды.
Тағы оқыңыз: Фоторепортаж. Троллейбус жүргізушісінің бір күні