Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Чехия үкіметінің басшысы Петр Фиаланы қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия Республикасының премьер-министрі Петр Фиаланы қабылдады.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Петр Фиаланың елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сіз елімізге үлкен бизнес-делегация алып келдіңіз. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты ілгерілетуге пайдасы өте зор бизнес форум өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Чехия президенті лауазымына сайланған Петр Павелге құттықтауын жолдады.

Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-логистика саласын нығайту перспективаларына баса мән берілді. Президент чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сонымен қатар елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз, – деді мемлекет басшысы.