Басты бетЖаңалықтарЕрболат Досаев...

Ерболат Досаев Алматы бюджетін 265,4 миллиард теңгеге ұлғайтуды ұсынды

Алматы мәслихатының депутаттары мегаполистің үш жылға арналған нақтыланған бюджетін бекітті.

Ерболат Досаев мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2023-2025 жылдарға арналған қала бюджеті Алматыны дамыту бағдарламасының негізгі басымдықтары негізінде қалыптасқанын айтып өтті.

Биылғы І-ші тоқсанда экономиканың қарқынды дамуы бюджетті нақтылауға негіз болды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 23,9%-ке өсті. Сауда (+29,4%), өңдеу өнеркәсібі (+24,5%), көлік (+21,8%) салалары экономика өсімінің драйверлері болды. Экономиканың дами түсуі мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді 32,1%-ке арттырды, (барлығы 1 241,1 миллиард теңге салық және міндетті төлемдер (132,1%), оның ішінде республикалық бюджет-941,8 миллиард теңге (139,3%), жергілікті бюджет–299,3 миллиард теңге (133,5%). Сіздерге бюджетті нақтылауға ұсынылған 265,4 миллиард теңге биылғы І-ші тоқсандағы қосымша кірісті қалыптастыру, бюджет қаражатын іштей қайта бөлу және былтырғы бос қалдықтар есебінен жүргізіліп жатыр, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қосымша қаражат негізінен көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын модернизациялауға, әлеуметтік қамтуға, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға, қаланы абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталады.

Биыл 1 сәуірден бастап қала деңгейінен аудан әкімдіктеріне 15 қосымша функция берілді. Сонымен бірге жүргізіліп жатқан өкілеттерді орталықсыздандыру шеңберінде және ағымдағы нақтылауды ескере отырып, сегіз аудан әкімдігінің 2023 жылға арналған бюджеттері бекітілді. 60,4-тен 164,5 миллиардқа дейін 2,7 есе өседі. Сонымен қатар аудан әкімдіктерінің штат саны 152 бірлікке ұлғайтылды, оның 56-сы жаңа, 96-сы қалалық басқармалардан ауысты, — деді Ерболат Досаев.