Мәжіліс депутаты жүргізуші куәлігін алу қызметін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзыретінен алып тастап, нарыққа беруді ұсынды.
Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол апаты тіркеліп, 2 мыңға жуық адам қаза болады. Жол апаттарының жиілеуінің негізгі себебі – емтихан тапсырмай, жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отыр. Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпарат қауіпсіздігі мен құрылғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген. Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл мемлекеттік қызмет түрін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады, — деді Олжас Құспеков.
Депутат мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және Қазақстан заңдарын сақтай отырып нарыққа беруді ұсынды.