Англияның денсаулық сақтау министрлігі шылым тартатын адамға темекіден бас тартуы үшін 1 миллион тегін вейп ұсынады. Бұл жоба «Шылымды тастағың келсе, айырбаста» деп аталады.
Англия 2030 жылы темекі тартатындардың санын 5%-ке төмендетуді жоспарлап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мемлекетті «шылым түтінінен таза» деп санау үшін дәл осы көрсеткіш жеткілікті деп санайды.
Англияның денсаулық сақтау министрі Нил О’Брайен Policy Exchange консерватив талдау орталығындағы «Сұрақ-жауап» іс-шарасында осы мақсатқа жету үшін қажет бірқатар шараға тоқталды: шылымның орнына зияны аз өнімді қолдану, 18 жасқа толмағандарға вейп сатпау, заңсыз сататындармен күресу, шылым тартатын жүкті әйелдерге ваучер беру және тағы басқа.
Дегенмен Англия шылымды сатып алатындардың жасын жоғарылату идеясын қолдамады. Нил О’Брайенның айтуынша, мұндай жағдайда олар негізгі миссиясынан ауытқып кетеді. Олардың мақсаты — шылым шегуге тыйым салу емес, адамдардың шылым шегуден бас тартуына көмектесу.
Үкіметтің жаңа жоспары бойынша, олар шылым тартатын адамға «шылымды тастағың келсе, айырбаста» схемасы бойынша вейптің тегін жинағын ұсынады.
Компания қатысушысының кейбірі мұны дұрыс бағыттағы қадам десе, енді бірі бұл шараның аз екенін мәлімдеді. Asthma + Lung UK қайырымдылық ұйымы өкілі Сара Макфэдьеннің айтуынша, вейп барлығына бірдей жақпауы мүмкін.
Ол шылым тартатындарға «шылым өнеркәсібінен жинау есебінен қаржыландырылатын, жеке қолдауды ұсынатын шылым тартуды тоқтату жөніндегі қызметтер» қажет деп санайды.
Британиялық сарапшылардың мәліметінше, Англиядағы әйелдердің 9%-ке жуығы жүкті кезінде шылым шегеді. «Шылымнан бас тартқың келсе, айырбаста» жобасының авторлары жүкті әйелдерге ваучер беріп, қаржылай қолдаса, олардың саны азаяды деп есептейді. Олар бұл жоспары жыл соңына дейін іске асады деп үміттенеді.
Шылым шегетін жүкті әйелдерге арналған ваучерлер туралы мәлімет әлі нақтыланбаған, бірақ әрбір шылым шегетін жүкті әйел одан бас тартса, оларға шамамен 400 фунт стерлингке дейін берілуі мүмкін.
Сонымен қатар шылымның қорабына шылым шегуден бас тарту туралы кеңес жазылуы қажет екені де айтылды.
Нил О’Брайеннің айтуынша, «мінсіз әлемде» адамдар шылым да шекпейді, электрон вейп те қолданбайды. Дегенмен біз мінсіз емес, шынайы әлемде тұрамыз. Сол себепті вейптің шылымға қарағанда зияны әлдеқайда аз екенін ескеруіміз керек.
Ал Forest шылым тартатындардың құқығын қорғау тобының директоры Саймон Кларктың айтуынша, біреуді мәжбүрлегеннен оған білім, кеңес берген тиімді. Сол себепті ол зияны азырақ вейптің шылымға жақсы балама болатынын айтады. Оған қоса вейп жанбайды, қоршаған ортаға зиян түтін шығармайды.
Дегенмен адам шылымнан бас тарта алмаса, үкімет мұнысына да құрметпен қарауы керек, — деді Саймон Кларк.
«Шылымнан бас тартқың келсе, айырбас» бағдарламасын Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі қаржыландырады. Оған шамамен 45 миллион фунт бөлінеді.