Jusan-ның қолдауымен өткен Yeski Taspa музыкалық жобасының екінші маусымы мәресіне жетуге таяу. Бұл жолы оған Назима, Садраддин, Ayau сияқты танымал әншілермен қоса, қалың тыңдарманға әлі танылып үлгермеген орындаушы да қатысты. Baribar.kz ерекше даусымен көпшілікті  тәнті етіп, жоба тыңдармандарының жүрегін жаулаған Рауана Матаевамен әңгімелесті.

2000-жылдардың басында жастардың «Сен, нәзік жүрегімді өзің жылаттың» деп шырқап жүргені есіңізде ме? «Бәйтерек» тобы айтатын «Сен» деген әнді 20 жастағы Рауана Матаева Yeski Taspa жобасында жаңа нақышта орындап, оған қайта дем берді. Осылайша, әнді қайтадан жастардың махаббат ұранына айналдырды.

Рауана Матаева байқауға Roona деген лақап атпен қатысты. Оның орындауындағы ән екінші маусымдағы 8-шығарылымында тыңдарманға жол тартты.

Instagram-нан Yeski Taspa жобасы туралы ақпарат көріп қалдым. Жобаның көпшілік арасында танымал екені және кәсіби шыңдалуға көмектесетіні қызықтырды. Содан бағымды сынап көрейін дедім. Алғашында екі ойлы болдым, бірақ жақындарым қолдап, мүмкіндікті жібермедім. Ал жеңгенімді естігенде қатты қуанып, эмоциямды ұстай алмай қалдым, — дейді Рауана.

Рауана бала кезінен музыкаға жақын. 10 жасынан ән айтып, түрлі байқауға қатысқан. Кейін мамандандырылған арнайы мектепте, колледжде оқыған. Бір сөзбен айтқанда, музыка әлемінде  өскен. Yeski Taspa-да бэндпен бірге алғаш рет ән орындап көріпті.

Қатты қобалжыдым, бірақ жоба ұжымы қолдап, бәрі сәтті өтті, — дейді әнші.

Фото: Jusan

Yeski Taspa — тыңдарманға ескі әуендерді жаңа көзқараспен, жаңа леппен қайта ұсынатын жоба. Рауана Yeski Taspa сияқты жобаның көп болғаны дұрыс дейді. Оның айтуынша, мұндай жобалар талантты адамдарға батыл қадам жасап, өзін танытуға, шығармашыл жолын бастауға мүмкіндік береді.

Осы күнге дейін отбасым қолдап келді. Анам болашақта мені танымал әнші болса деп жиі айтатын. Жақындарымның осы үміті ынталандырды. Ал Yeski Taspa жобасы шабыт берді. Тәжірибе жинап, жаңа көзқарасты таныдым, өзіме деген сенімім артты. Байқаудан соң әрі қарай дамуым керек екенін түсіндім. Таланты жастарға сенім артып, олардың шығармашылығын бүкіл елге танытуға сеп болған Jusan-ға алғыс білдіремін, — дейді Рауана Матаева.

Рауана Матаева әнші
Фото жеке архивінен

Қазір Рауана Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «Халық әні» мамандығы бойынша 1-курс оқиды. Болашақта ол үлкен сахнада жүріп, музыка индустриясына үлес қосқысы келетінін айтты.

Сол арманымды орындауға тырысып жатырмын. Қазір кавер түсіріп, халыққа өзімді таныстырып жүрмін. Келешекте жеке әндерімді шығару жоспарда бар, — дейді әнші.

Айта кетсек, Yeski Taspa жобасының алғашқы маусымында Әли Оқапов, Еңлік, Нұржан Керменбаев, Ayree сынды танымал әншілер қазақ композиторларының классикасын заманауи нақышта орындап, тыңдарман қауымның ықыласына бөленген еді. Жоба аясында жарық көрген туындыларды YouTube арнасынан тамашалап, барлық музыкалық платформадан тыңдауға болады.

Фото жеке архивінен