Басты бетЖаңалықтарҚазақстан-Сингапур тікелей...

Қазақстан-Сингапур тікелей әуе рейсін ашу бойынша келіссөз жүріп жатыр

Қазақстандық тарап Сингапурмен арада тікелей әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары-қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сингапурға сапары аясында Changi Airport Group компаниясының бас директоры Ли Сеу Хианмен кездесті. Кездесуде Сингапур-Қазақстан тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндіктері талқыланды.

Changi әуежайы Сингапурдың негізгі әуе қақпасы саналады. Ол — жолаушыларға қызмет көрсету жүктемесі бойынша әлемдегі алтыншы, ал Азия көлемінде екінші әуежай.

Сонымен қатар кездесуде сингапурлық тарап Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында екі ел арасында қолайлы инвестициялық ахуал орнағанын айтып өтті.